«Еліміздің басты құндылығы – адам». Бұл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқан сөзі. Президент бұл Жолдауда әрбір қазақстандықтың сапалы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды тапсырмалар берді. Оның ішіндегі ең басты бағыт ұлт саулығына арналып отыр.
Мемлекет басшысы Жолдауда «…еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі» деген болатын. Әрине, Шымкент — республикалық маңызға ие, миллионнан астам тұрғыны бар қала. Дегенмен, демографиялық және урбанизациялық өсім есебінен денсаулық сақтау саласында да бірқатар қажеттіліктер туындап отыр.
— Шымкентте медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, қызмет сапасын арттыру мақсатында бірқатар жұмыс атқарылды. Денсаулық сақтау ұйымдарына бекітілген талапқа сай 1 емханаға 30 мың тұрғыннан келуі тиіс. Шымкентте бүгінде 45 емхана халыққа қызмет көрсетіп отыр. Яғни, 1 емханаға орта есеппен 26 мың тұрғаннан келіп тұр. Алдағы уақытта жұмыс сапасын арттыру үшін бұл көрсеткішті 24 мың тұрғынға дейін жеткізу көзделген. Сонымен қатар, 2025 жылға дейін қалаға 6 емхана қажет. Бұл емханалардың құрылысына инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, республикалық бюджет есебінен 2025 жылға дейін 200 төсек-орынды перзентхана салынады. Бұл №1 перинаталдық орталықтың жүктемесін азайтып, ана мен бала денсаулығын жақсарту үшін сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік бермек, — дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Асылбеков.
Шымкент қалалық №2 перинаталдық орталықтың іргетасы Ақжайық шағын ауданында қаланбақ. Бүгінде 200 төсек-орынға арналған перинаталдық орталық құрылысын жүргізу үшін мамандардың қорытындысы алынған.
Айта кетейік, қазіргі таңда жобаның сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін бюджеттен қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде.