Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Нашақорлыққа жол жоқ

Нашақорлыққа жол жоқ

Шымкент қаласы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан
Карбековтің айтуынша, жыл басынан бері елімізде есірткі саудасымен айналысып келген 4000-нан астам сайт бұғатталып, есірткінің орнын алмастыратын препараттардың дәріханалардан дәрігердің рұқсатынсыз босатылуы бойынша бірнеше іс қозғалған. Шымкентте жыл басынан бері 300-ден аса заңсыз сауда анықталса, 200-ден астам қылмыстық іс қозғалып, нашақорлыққа байланысты түрлі құқық бұзушылық анықталған. Олардың ішінде 58 іс 29 жасқа жетпеген жастар арасында болған.
– Жастар арасында есірткі сату және сатып алу фактілері азаймай тұр. Оған себеп – интернет желісінің кеңінен таралуы, әлеуметтік желілердің ашықтығы, – дейді Бауыржан Карбеков.
Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығы мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, үшінші мегаполисте 919 адам нашақорлықпен есепте тұрса, олардың 260-ы опиум, героин тұтынатындар, 249-ы марихуана, анашаға еліксе, 399 адам түрлі психобелсенді заттар мен синтетикалық есірткі пайдаланады екен. Психикалық денсаулық орталығының нарколог-дәрігері
Раушан Асанқызының айтуынша, есірткінің құрығына түскендердің көпшілігі ем алуға келмейді.
– Олардың бірі қоғамның түртпегінен қорықса, бірі ем алуды кейінге қалдырып, уақытын өткізіп жүргендер. Ал енді біреулері жеке клиникаларда жасырын емделгенді жөн көреді. «Біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіреді» дегендей, есірткінің саудасын жүргізетіндердің қатарында әлеуметтік-отбасылық жағдайы төмен жандармен қатар ауқатты, танымал жандар да бар. Жалпы нашақорлықпен есепке тұрған адамды дәрігер бақылауға алып, 1 жыл ішінде есірткі затын пайдаланбай, зертхана нәтижесі оң нәтиже көрсетсе, ол адамды есептен шығарылады. Ол бұрын 5 жыл мерзімінде еді. Дегенмен, емделіп кеткен науқастардың орталыққа қайта келуі де жиі кездеседі. Осы тұста ата-аналарға балаларының болашағына бей-жай қарамаса деген өтінішімді жеткізгім келеді. Егер балаңыздан ұйқысыздық, оқыс қимылдар, мінезінде өзгерістер, яғни, тым тұйық немесе шектен тыс қуаныш байқалса, жарыққа аса сезімталдықты байқасаңыз, дабыл қағып, дер кезінде маманның көмегіне жүгінген жөн, – дейді Раушан Баймұрынова.

 

С.ЖАМАЛДИНОВА

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*