Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге жан-жақты көмек беріп келеді.
Орталық мамандары әрбір шаңырақтың шайқалмауына үлес қосып, ажырасқандар санын азайтып, отбасын сақтап қалу мақсатындағы жұмысты 8 түрлі бағытта жүргізіп отыр. Олар — әлеуметтік – психологиялық, медициналық, экономикалық, құқықтық кеңес беру, еңбекке баулу, мәдени шараларға қатыстырып,педагогикалық бағыттау мен тәрбие жұмысын жүргізу. Осы аталған қызметтер тегін көрсетіледі.
Көктемнің алғашқы мерекелерінің бірі 8 наурыз — халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында күнделікті қоғамдағы орын алып жатқан түрлі мәселелерге қатысты қалам тербеуді жөн көрдім. Мемлекеттің қолдауымен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналған нәзік жандылардың көз жасын сүртіп, қоғамға бейімделуіне жағдай жасап келе жатқан бұл орталықтың еңбегі орасан. Шаңырағы шайқалып, әйелдер мен балалардың барар жері қалмай, тығырыққа тірелген жағдайда бұл орталық оларға пана болып, орталық мамандарының көмегімен көптеген отбасыны сақтап, балалардың толық отбасында өмір сүруіне жағдай жасалып жатыр.
Аруларымыздың бір елдің келіні атанып, сол әулеттің ұрпағын жалғастырып жүрген кезеңде өмірлік серігінен зорлық-зомбылық көріп, осындай орталықтарды паналауы — әрбір қазақты қынжылтатыны анық. Көбінесе отбасылық кикілжің материалдық жағдайдың төмендігінен, ер азаматтың жұмыссыз қалып, жаман әдеттерге үйір болуы салдарынан туындайды. Қазақ «жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған». Ал, бүгінгі тұрмыстың күйін күйттеп, ажырасуға бекінген әрбір ата-ана асығыс шешімнен бейкүнә баланың зардап шегетінін түсінсе дейміз. Ол үшін әрбір отбасы баланың тәрбиесіне, дамуына үлес қосып, ұрпағының болашағына жауапкершілікпен қарап, әрбір әке өзінің перзентінің алдындағы борышын білгені абзал.
Әйел. Ол сіздің Анаңыз, әпкеңіз, қарындасыңыз, қызыңыз. Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтеріп, бар мейірімін ұрпағына арнап өтетін, табиғатының нәзіктігіне қарамастан тағдырдың түрлі сынағына төзе алатындай қажыр-қайраттың иесі – аналар аман болсын. Аналарымызды аялап, әрбір сәбидің бақытты болуына үлес қосайық.
Қатира ИМАНӘЛИЕВА,
№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының психологы