Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ШЫМКЕНТТІҢ БАС ЖОСПАРЫ МАМЫР АЙЫНДА БЕКІТІЛЕДІ

ШЫМКЕНТТІҢ БАС ЖОСПАРЫ МАМЫР АЙЫНДА БЕКІТІЛЕДІ

Жыл басында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып,  үшінші мегаполистің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарын таныстырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл қаланың даму перспективасы ескеріле отырып, жаңа бас жоспар бекітілетінін, жыл соңына дейін шет аудандардың тұрғындары ауыз сумен және электр қуатымен толық қамтамасыз етілетінін баяндаған болатын.

Осы орайда, бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұрбол Жүнісбековтің қатысуымен брифинг өтті. Онда басқарманың 2023 жылдың бірінші тоқсанында атқарған жұмыстары туралы айтылды.

— Басқарма тарапынан 17 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі. 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында 13 967 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде

құрылыс және реконструкция жобаларын әзірлеу кезінде бастапқы материалдарды ұсыну қызметі — 1 295 рет, жылжымайтын мүлік объектілерінің мекенжайын айқындау бойынша анықтама беру қызметі – 5 319 рет, ал, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың есептік жазбасы туралы үзінді беру қызметі — 1 347 рет, сондай-ақ,

жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру қызметі — 1 577 рет көрсетілген,- деді Нұрбол Абдырахманұлы.

Оның айтуынша, бүгінде Шымкент қаласының 2035 жылға дейінгі дамуының Бас жоспары әзірленіп жатыр. Бұл жобаның аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың мамыр айына жоспарланған. Сонымен қатар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы негізінде қаланың геоақпараттық жүйесі жасақталуда. Геопортал бүгінде сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Оның толықтай іске қосылу мерзімі де биылғы жылдың мамыр айына жоспарланыпты.

Айта кетейік, Шымкент қаласының 2035 жылға дейінгі даму бас жоспары әзірлену барысында екі қоғамдық талқылау өтті. Әр қоғамдық талқылауға бір ай уақыт белгіленді. Сәулетшілер мен қала халықы тарапынан 140-ға жуық сұрақтар мен ұсыныстар келіп түсті. Әрбір ұсыныстар мен сұрақтарға өз кезегінде жобалаушы мекеме тиісті заңдылықтарға сәйкес жауап берілді.

Сондай-ақ, қала тұрғындарының тарапынан Бозарық шағын ауданының аумағынан темір жол салу туралы ұсыныс түскен болатын. Алайда бұл арнайы мамандардың және жобалаушы мекеменің жүргізген зерттеуінің нәтижесінде қалаға экономикалық тұрғыдан тиімісіз екені нақтыланды. Сол себепті қолда бар ресурстарды пайдалану мақсатында бас жоспарға темір жолды аэропорт ауданының аумағынан салу тиімді деп жоспарлануда. Бұған қаланың тұрғындары да дұрыс деген ұсыныстарын білдірді.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*