Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйлеген кезде «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Маған азаматтардан күн сайын жүздеген өтініш келеді. Оның ішінде қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді сұраған хаттар өте көп. Бұл түйткіл мемлекет тарапынан мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Тағы да қайталап айтамын, мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді. Тұрғын үй саясаты нарықтағы ахуалға тығыз байланысты. Сондықтан біз осы саладағы саясатымызды қайта қарап, оның мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз етуіміз керек» деп баса айтқан еді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2010-2011 жылдары «Нұрлы көш» пилоттық бағдарламасы арқылы Шымкент қаласының «Асар» шағынауданында 975 тұрғын үй салынған болатын. Бағдарламаның мақсаты – отандастарымызды атамекенге қайтару, сондықтан елге оралған қандастарымызға сатып алу құқығымен тұрғын үйлер бастапқыда 8 жылға жалға берілді, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Қазіргі таңда бағдарлама арқасында жақын шет елдерден Шымкент қаласына қоныс аударған 975 отбасының 927-і жалға алған үйлерін «Отбасы банк» арқылы ипотекалық несие негізінде рәсімдеуде. «Отбасы банк» талаптарына сәйкес несие уақытын өткерген соң қандастар тұрғын үйді жекеменшік иелікке рәсімдей алады.
Айта кетейік, қалған 48 отбасы тұрғын үйлерді «Отбасы банкпен» рәсімдеу жұмыстарын жүргізу мәселелерін шешу мақсатында ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы арқылы хат жолданған. Министрліктің жауабына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Cонымен қатар, Шымкент қаласында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының негізінде тұрғын үйлердің жалпы аумағын ұлғайту мақсатында тұрғын үйлерді пайдалануға тапсыру жоспары бекітілді. Ал, оның орындалуын қадағалау басқармаға жүктелген. Бұл тұрғын үйлердің басым бөлігі қаланың аумақтардың егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес, солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан ШымСити, Тұран, Әкімшілік іскерлік орталығы, Бозарық шағын аудандарында орналасатын көпқабатты тұрғын үйлер есебінен жоспарлануда. Айта кетейік, Шымкент қаласы Тұран-2 шағынауданында 20 тұрғын үй салынуда. Бүгінде шағынауданның 29- орамында мемлекеттік бюджет есебінен 1080 пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Былтыр осы аумаққа жылу, су, кәріз желілері мен электр жүйесі тартылған. Биыл мұнда ішкі орамның жерін тегістеу, абаттандыру жұмыстары, аяқжол және асфальт жол құрылысы жүргізіледі. Нысандарды қолданысқа беру екінші жартыжылдыққа жоспарлануда.