Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жалпы орта білім беру мектебінің бітіруші түлектеріне кәсіби бағдар беруге бағытталған «Болашаққа қадам» жобасы өтті, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Аталған шараның мақсаты — оқушыларды мамандықтар туралы түсінікпен ақпараттандыру және кәсіптік қызығушылын арттырып, қабілеттілігін қалыптастыру. Жобаға №87 жалпы орта білім беретін мектептің бітіруші сынып оқушылары қатысып, №1 Мамандырылған өрт сөндіру бекетіне экскурсия жасады. Оқушылар экскурсия барысында өрт сөндіру құралдарының қызметімен толық танысып, практикалық тәжірибеден өтті. Одан бөлек, қаламыздағы бітіруші мектеп оқушылары түзілген кесте бойынша түрлі кәсіпорындарға экскурсия жасауда.
Атап айтсақ, «Birgemiz — Asylmura» жалпы ұлттық жобасы аясында «Al-Farabi academialiq» мектебінің оқушылары Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрына экскурсия жасады. Айта кетейік, Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Мобильді топ» пен Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы қызметкерлері бірлесіп, Орталық Азия Инновациялық университет жастарына мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау бойынша кездесу өткізді. Аталған кездесу мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, жастарды кәсіпкерлік саласындағы мүмкіндіктерден хабардар ету арқылы дұрыс мамандық таңдауларына бағыт-бағдар көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында студенттерге жұмыспен қамтудың белсенді шаралары мен 2,5% пайыздық жеңілдетілген несие бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, жас мамандарға арналған «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісім-шарты» бағдарламалары бойынша кеңінен түсіндірілді. Кездесу соңында мамандар студенттердің жұмыспен қамту шараларына қатысты сұрақтарына жауап берді.