1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақтағы «Достық» аллеясына ағаш көшеттерін отырғызды.
Сенбілікке қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшылығы, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, «Ассамблея жастары» ұйымы мен «Жастар рухы» қозғалысының өкілдері және «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері қатысты.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халық даналығын жадында ұстаған этнос көшбасшылары мен ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшылығы 18 түп көшет отырғызып, аллеядағы ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарын үнемі назарда ұстайтынын жеткізді.
Айта кетейік, Наурыз мерекесі қарсаңында аталған аллеяға қалалық ассамблея мүшелері 100 түп ағаш көшетін отырғызған болатын.
Бүгінде Шыымкентте тұратын 1 192 120 (2023 жыл басындағы статистикалық дерек) халықтың 70,9 пайызын – қазақтар, 15,8 пайызын – өзбектер, 6,3 пайызын – орыстар, 1,8 пайызын – әзірбайжандар, 0,9 пайызын – татарлар және қалған 4,3 пайызын – өзге этностар құрайды.
Қалалық ҚХА жанындағы 17 этномәдени бірлестік пен 7 қоғамдық құрылым мемлекеттік саясат аясында кешенді жұмыстарды атқаруға жұмылдырылған.
Сонымен бірге, осы күні Шымкентте қала әкімдігі мен ҚМДБ Шымкент қаласы өкілдігімен бірлескен «Өткенге құрмет – тіріге міндет» атты зираттарды тазалау сенбілігі өтті. Іс-шара барысында қала аумағындағы 67 мұсылман зираты күл-қоқыстан, қураған шөптерден тазартылып, жан-жағы тырмаланды, ағаштардың қураған, сынған бұтағы кесілді.
Оңтүстікте ауа-райының ерте жылынуына байланысты зиарттарға сенбілік өткізу наурыз айынан бастау алған. ҚМДБ Шымкент қаласы өкілдігінің найб-имамы Мұхамеджан Естеміровтың айтуынша, зират маңын тазалау жыл бойы жүзеге асырылады.
–Бұл іс-шара елімізде ҚМДБ тарапынан жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Дана халқымыз қашанда өткенге құрмет көрсетіп, рухына құран бағыштаған. Зиратын да тазалап, төңірегіне саялы ағаштар отырғызған. Бүгін қаламыздағы барлық мешіт имамдары, еріктілер, тұрғындар жұмылып, осы үрдісті жалғастырдық. Зират маңын қоқыстан тазартып, бабалар рухына Құран оқыдық. Бүгінгі сенбілікке қатысқан барша азаматқа Алла тағала разы болсын, – деді М.Естеміров.
Дәстүрлі түрде өткізілетін тазалық шарасы аясында зират орындарының сыртқы және ішкі тазалықтары, келуші жамағатқа зират және зиярат ету мәдениеті мен тәртіптері кеңінен түсіндірілді. Айта кетсек, бүгінгі сенбілікке қаладағы 91 мешіттің діни қызметкерлері, 3 мыңға жуық қаланың ерікті жастары және тұрғындар қатысты.