Мереке қарсаңында «Шымкент-цирк» ұжымының өнерпаздары зообақ келушілеріне мерекелік көңіл-күй сыйлады. Цирк әртістері акробатикалық қойылымдар, би өнері, сайқымазақ шоу ойындарын көрермен назарына ұсынды.
Көптің көңілінен шыққан сайқымазақ Әбу ең кішкентай көрермендермен көңілді ойындар ойнады.
– Цирк әртістері екі топқа бөлініп, зообақта және “Қиял әлемі “ саябағында өнер көрсетіп жатыр. Мақсатымыз — қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау. Әр жарты сағат сайын үзіліс жасап, концерттік нөмірлерімізді жалғастырып отырамыз. Меркелік бағдарламамыз көпшіліктің көңілінен шығып жатыр деген үміттемін, – деді «Шымкент-цирк» ұжымының директоры Нұрлан Әділхан.
Айта кетейік, қалалық «Шымкент-цирк» ұжымының құрылғанына он екі жыл болған. Әуе гимнастарымен, танымал акробаттарымен, иллюзия шоуларымен, сүйкімді сайқымазақ шоуларымен тұрғындарды қуантып қана қоймай, мерекелік іс-шараларда да белсенді атсалысып келеді.
Сонымен бірге, қаламыздағы тарихы терең өнер ордасы Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры 1 мамыр —Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай, орталық саябақта балаларға арнап «Туған күн» атты қойылымын ұсынды. Көрерменіне қуаныш пен таңқаларлық сезім сыйлауда ізденісте жүретін театр ұжымының бүгінгі саябақта өнер көрсетулері де ерек. М.Абайділданың шығармасы желісінде сахналанған спектакль аңдар арқылы балаларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, достыққа тәрбиелейді.
Ашық аспан астында қойылған қойылым көрермендері саябақтың кішкентай бүлдіршіндері болды. Десек те, қойылым ересектерді де баурап алды. Театр басшысы Самат Алтайдың айтуынша, өнер ордасы осылай қала саябақтарында жиі қойылым қояды екен.
— Балаларымыз театрда ғана қойылым тамашаламайды. Театр актерлерлары қала маңындағы ауылдарға барып, қойылым қойып қайтуды дәстүрге айналдырған. Бұл да бір балаларды сергіту және тәрбиелік мәні бар іс деп санаймын, — дейді Самат Алтай.
Айта кетейік, театр бүгін Арбат демалыс аймағында да балаларға өнер көрсететін болады.