Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажет. Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек, деп айтып өткен болатын.
Осы орайда, қалалық инфрақұрылымды жүйелі дамыту мақсатында жүргізілген жұмыстар бойынша Шымкентте тұрғын үйлердің қабырғасын әдемі суретпен әрлеу жұмыстары жалғасып келеді. Осыған дейін қаладағы бірқатар тұрғын үйдің сыртында ерекше муралдар көрініс тапқан болатын. Бүгін қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы мен Kazakh Tourism ұлттық компаниясы креативті индустриялар салаларын белсенді дамыту мақсатында street art стилінде тағы бір жаңа муралдың таныстырылымы өтті. Түркістан көшесіндегі тұрғын үйге муралды салуға JUSAN банк демеушілік көрсеткен.
– Шымкенттің басқа аймақтардан айырмашылығы – қаламыз жасыл, адамдары ашық-жарқын әрі қонақжай. Сондықтан Repas стрит-арт өнерімен айналысатын командамен бірлесіп, осындай түрлі-түсті мурал сыйлауды шештік. Республикалық жобаны Шымкент қаласынан бастадық. Бұл жобаны еліміздің басқа да қалаларында іске асыру жоспарда бар. Мақсатымыз – елеусіз қалған ескі үйлердің аулаларына халықтың көңілін бөлу, тазалыққа шақыру, — дейді JUSAN банк Шымкент филиалының директоры Қуаныш Ұласбеков.
Банк басшысы өзге де кәсіпкерлерді осындай игі іске ұйытқы болуға шақырды. Жылқы бейнеленген муралға үйдің тұрғындары да риза. Олар мурал маңында суретке түсушілер көбейіп, ауламыз көңілді әрі сәнді бола түсті дейді.
Айта кетейік, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ және «Jusan» банкінің бірлескен бастамасы аясында Шымкент қаласында «Креативті art» жобасы бастау алуда. Жобаға сәйкес, қаланың орталық көшелерінің біріндегі көпқабатты ғимаратта «Этно стильдегі мурал» салынатын болады. Бүгінгі таңда муралды салу үшін орын таңдалып, қалалық сәулет басқармасымен келісу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, креативті индустрия саласында тәжірибе алмасып, халықаралық эксперттерді тарту мақсатында тамыз айында «Креативті апталық» өткізу жоспарлануда. Кәсіпкерлердің ұсынысы бойынша қалаға келетін қонақтарға арналған креативті тақырыптық маршруттар дайындалып, арнайы буклеттер жасалды. Одан бөлек, наурыз айында «Шымкент қаласы креативті индустрия ассоциациясымен» бірлесе Нью-Йорк, Милан, Париж секілді ірі сән апталықтарының негізін қалаушылар бастаған 30 шетелдік дизайнерлердің қатысуымен «Responsible Fashion Series» іс-шарасы ұйымдастырылды. Шара барысында қатысушылар «ShymQala» тарихи-мәдени кешенімен танысып, ұлттық киімдердің сән көрсетілімін тамашалады және ұлттық тағамдар дайындаудың шеберлік-сағаттарына қатысты.