Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Шымкентте жас ақындар айтысы өтті

Шымкентте жас ақындар айтысы өтті

7 мамыр — Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні мереке қарсаңында Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ерлік пен елдік рухы» атты жас ақындар айтысы өткізілді, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.

Жас дарынды әрі талантты жастарды қолдау мақсатында өткізіліп отырған дәстүрлі аудандық айтыста белгілі ақын Біржан Байтуов жетекшілік ететін «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің талантты 10 жас ақыны өз бақтарын сынады. Жастар өнеріне қазылық етуші құрам қатарында танымал айтыскерлер Анар Жаппарқұлова, Ақмарал Леубаева және Бөрібай Оразымбет болды. Ұлттық өнерімізді ұлықтауға бағытталған шарада аудан әкімі сөз алып, қатысушылар мен тұрғындарды мерекемен құттықтады. «Елдік рухымыз, ұлттық санамыз, төл өнеріміз ең бастысы өзіміз үшін керек. Отанды да, өнерді де қорғайтын ел жастары тұрғанда біз келешекке кемел сеніммен қарауымыз керек. Ең бастысы ел іргесі аман, халқымыз бейбіт ғұмыр кешсін», — деді, аудан басшысы.

Тартысты өткен айтыс нәтижесі бойынша: — Бас жүлде — Нұрлыбек Мейірманов; — 1 орын — Мейіржан Жақып; — 2 орын — Аян Ниязбек, Нұрғали Әнапия; — 3 орын — Бекарыс Рахматуллаев, Дәурен Полатбаевқа бұйырды. Ал, арнайы жүлдені Жандос Мырзабек, Даниал Болысбек иеленді. Барлық қатысушылар мен жүлделі орын иегерлеріне арнайы сыйақылар табысталды.

Сондай-ақ, 7 мамыр — «Отан қорғаушылар күні» мерекесіне орай, Шымкент қаласы Қаратау ауданында «Отан қорғау-парызымыз» атты жас жазба ақындардың патриоттық тақырыптағы мүшайрасы өткізілді. Мүшайраға жалынды жырларымен келген 10 жас ақын қатысып, мүшайра ережесіне сәйкес сынға түсті. Елдік пен ерлік, бірлік, ұлттық құндылықтар насихатталған жыр додасында Біржан Байтуов, Қажымұқан Абзал, Әлімжан Әлішер және аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Асылбек Тоқмағанбетов қазылық етті.

Мүшайра нәтижесінде: — 1 орын Аружан Яхуда; — 2 орын Ақжан Тұрғын мен Шұғыла Ермахан; — 3 орын Әліби Әлішер, Жамал Жүрсінбек және Нұрайлым Бекмұратқызы. Айта кетейік, барлық қатысушалар мен жеңімпаздарды аудан басшысы алғыс хатпен, сыйлықтармен және арнайы жүлде қорымен марапаттады.

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*