Қазіргі уақытта отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі қоғамда орын алып жатқан түрлі жайттар қоғамды алаңдатпай қоймайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық баланың дамуына және оның өмір бойы басқа адамдармен қарым-қатынасына ықпал етеді.
Осы ретте Абай АПБ Жергілікті полиция қызметінің әйелдерді қорғау тобының инспекторлары №51 жалпы орта мектептің оқушыларымен кездесу өткізді.
Басқосу барысында полиция подполковнигі Айнұр Қарабаева мен полиция майоры Гулмира Бектемисова оқушыларға «Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу негіздері» атты дәріс оқыды. Онда отбасылық келеңсіз оқиғалар, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас баланың мінез-құлқына тікелей әсер етіп, жасөспірімдерді заңбұзуға итермелейтіндігі туралы айтылды.
Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жасалуда.
Отбасындағы моральдық және этикалық құндылықтардың сақталуы жастардың болашағына зор әсерін тигізетіндігіне тоқталды. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары оқушылардың жанұяларындағы қарым-қатынас тұрақтылығы жөнінде әңгіме өрбітіп, олармен сұрақ-жауап алысты.
Балаларға қамқорлық жасау, баланың абыройы мен құқықтарын құрметтеу -бұл тек мемлекеттің ғана емес,сонымен қатар жекелеген әрбір адамның міндеті екенін естен шығармауымыз қажет. Үзіліссіз ұрпақ тәрбиесіндегі қос босаға-тәртіп пен мәдениет күллі адам атаулының күнделікті әдеттеріне айналған кезде,біздер мейірімі мол,қайырымды қоғамды құрып ғана қоймай,зорлық-зомбылықсыз балалық шақтың шаңырағын биіктете түскен болар едік. Бейбіт ел, ынтымағы жарасқан халық, үлгілі отбасын құру бәрі де адамның өз қолында.