Қазіргі уақытта отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі қоғамда орын алып жатқан түрлі жайттар қоғамды алаңдатпай қоймайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық баланың дамуына және оның өмір бойы басқа адамдармен қарым-қатынасына ықпал етеді. Осы ретте Абай АПБ Жергілікті полиция қызметінің әйелдерді қорғау тобының инспекторлары полиция подполковнигі Айнұр Қарабаева мен полиция майоры Гулмира Бектемисова №128 жалпы орта мектептің оқушыларымен кездесу өткізді, қалалық Полиция департаментінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Басқосу барысында мектеп инспекторы полиция майоры Мадина Алиева оқушыларға «Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу негіздері» атты дәріс оқыды. Онда отбасылық келеңсіз оқиғалар, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас баланың мінез-құлқына тікелей әсер етіп, жасөспірімдерді заңбұзуға итермелейтіндігі туралы айтылды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасы тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға қатысты дене зардабын және психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті. Көбінесе, әйелдер мен балалар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары болып табылады. Отбасы – бұл қоғамның бір бөлшегі. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жасалуда.
Отбасындағы моральдық және этикалық құндылықтардың сақталуы жастардың болашағына зор әсерін тигізетіндігіне тоқталды. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары студенттердің жанұяларындағы қарым-қатынас тұрақтылығы жөнінде әңгіме өрбітіп, олармен сұрақ-жауап алысты.