Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Шымкент: республикалық форумда нашақорлықтың алдын алу жұмыстары баяндалды

Шымкент: республикалық форумда нашақорлықтың алдын алу жұмыстары баяндалды

Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «Тарихи тұлғалар: ұлттық тәрбие және сабақтастық» республикалық форумы өтті, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен өткен форум ұлт тарихындағы кемеңгер тұлғалардың парасат пайымын зерделеу, олардың ой мұрасын, тәлімдік қасиетін жаңғырту, ұлттық тәрбие желісін сақтай отырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру міндетін көздеді.
Форум жұмысына еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми өкілдері, мемлекеттік органдардың жауапты тұлғалары, республикадағы жоғары оқу орындарының әлеуметтік және тәрбие істері бойынша проректорлары, оқу орындарының салалық департамент басшылары, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ, бірқатар жауапты азаматтар ZOOM форматындағы онлайн мәжіліске қатыса алды.
Алқалы жиынға Шымкент қаласы полиция департаментінің атынан Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков қатысып, күн тәртібіндегі сұрақ бойынша «Студенттік жастар арасында есірткі және нашақорлықтың алдын алу жұмыстары, кездесетін мәселелер мен шешу жолдары» туралы баяндама жасады.
Ол өз баяндамасында жастарға қауіп төнідіріп отырған есірткінің заңсыз айналымымен байланысты өзекті мәселелерге тоқталып, олардың қылмыстық жолға түсіп кетпеуінің алдын алу баршаға ортақ іс екендігіне тоқталды.
Жоғары білім саласының майталмандары жиналған жиында полиция майоры Бауыржан Карбеков «кешегі оқушы, бүгінгі студент, ертеңгі болашақ» екендігін атап өтіп, салауатты ұрпақ қалыптастырудың маңыздылығын айтып, ұстаздар мен білім алушылар арасында тығыз қарым-қатынас құрып, жас буынның өнегелі болып өсуіне ат салысуды сұрады.
Баяндаманың соңында тарихи тұлғалардың ізін жалғау, ұлттық тәрбиені сақтау мен ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету үшін дені сау ұлт, саналы ұрпақ қажет екендігін атап көрсетіп, олардың зиянды әдеттерге бет бұрмауы үшін бірлесіп жұмыс жүргізуге шақырды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*