Шымкент қаласы Полиция департаментінің музейінде Ұлы Жеңіс күнінің 78 жылдығына арналған іс-шара өткізілді. Маңызы зор жиынға ҚР ІІМ-не қарасты мемлекеттік күзет басқармасының қызметкерлері мен жас мамандар қатысты, деп хабарлайды қалалық Полиция департаментінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Келушілерге «Жеңіс жаңғырығы» тақырыбында, ҰОС ардагерлері туралы тың мәліметтер беріліп, документальді фильм көрсетілді. Сондай-ақ, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ерлік жасаған қаһармандармен бірге, полиция қатарындағы бейбіт күннің бүгінгі батырлары да таныстырылды.
Атап айтқанда, ІІ-дәрежелі Айбын орденінің иегері, Шымкент ҚПД Тұран АПБ Криминалды полиция бөлімінің аға жедел уәкілі полиция капитаны Арипжанов Арман жас мамандарға қызмет барысындағы қырағылық, шапшаңдық, батылдық пен тәуекелшілдік туралы сөз қозғады. Сонымен қатар, өз тәжірибесінде аса қауіпті қылмыскермен қалай бетпе-бет келіп, қоғамға төнген қауіптің бетін қайтарғанын әңгімеледі.
Шара соңында, департаменттің ғимарат күзету взводының командирі полиция капитаны Ганибаев Александр жас мамандармен сұрақ-жауап жүргізді. Келушілер бұдан бөлек, Қазақстан полициясы тарихы мен оның негізін қалаған қайраткер азаматтар жайында көптеген музей экспозициямен танысып жақсы әсерде кетті.
Айта кетейік, күні кеше ғана Шымкент қаласы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шара өтті. Аталған іс-шарада Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков арнайы құттықтау сөзін сөйлеп, халықтың мызғымас тыныштығы үшін еңбек етіп, күндіз-түні қызметте жүрген полицейлерге Отанға адал, елге қайырымды, отбасына мейірімді болуға шақырды.