Шымкент полицейлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды қалалық Полиция департаментінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Бүгінгі таңда отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі қоғамда орын алып жатқан түрлі жайттар қоғамды алаңдатпай қоймайды. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жасалуда.
Шымкент ПД жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлары тұрмыстық жағдайларда әйелдерге қатысты жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алу және оны болдырмау, осы бағытта қабылданып жатқан шаралармен таныстыру, сондай-ақ отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге психологиялық және құқықтық көмек көрсету мақсатында тұрақты негізде іс-шаралар өткізеді.
Мәселен, Абай ауданы полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары әкімшілік аумақтың тұрғындары арасында отбасылық-тұрмыстық қатынастар бағытындағы заңнаманы түсіндіру бойынша профилактикалық жұмыс жүргізді. Шара барысында полицейлер отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша ақпарат көрсетілген парақшаларды таратып, осы бағыттағы сұрақтармен жүгінген әйелдерге құқықтық кеңес берді.
Айта кетейік, тәртіп сақшылары тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді дағдарыс орталықтарына орналастыруға қажетті көмек көрсетеді. Сонымен қатар, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы ювеналды полиция қызметкерлерімен бірге ішкі істер органдарында есепте тұратын отбасыларға жүйелі бақылау жүргізеді.
Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болсаңыз, полицияның көмегіне жүгіне алатыныңызды еске саламыз.