Шымкент қаласы Полиция департаментінде басшылық және жеке құрам қызметкерлерінің қатысуымен психологиялық семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды Полиция департаментінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі. Іс-шара барысында психолог мамандар полиция қызметкерлеріне азаматтармен қарым-қатынас орнату кезінде сыпайылық таныту, өзін қарапайым әрі сабырлы ұстау және кәсіби құзыреттілігін дұрыс пайдалану туралы түсіндірді.
Сондай-ақ, әлеуметтік-психологиялық бейімсіздену көріністерінің, қызметтік психологиялық жарақаттардың, жарақаттан кейінгі күйзелістің алдын алу жолдары жайында сөз қозғады. Ажырасудың алдын алуға, отбасындағы қатынастарды реттеуге бағытталған тақырыптарда талқыланды.
Семинар-сабақта арнайы слайд пен бейнематериалдар көрсетіліп, қызметкерлер тарапынан қызу талқыланды. Тәртіп сақшылары жеке пікірлерін ортаға салып, мамандардан психологиялық кеңестер мен бағыт-бағдар алды.
Мамандардың айтуынша, тренингтің негізгі мақсаты адам бойындағы шаршау мен күйзеліс белгілерінің, эмоционалдық жанудың алдын алу және топтық жаттығулар арқылы ұжымдағы қарым-қатынасты нығайту, қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыру болып табылады. Тренинг сабағы кезінде мамандар тарапынан белсенді жұмыстар жүргізіліп, қызықты ойындар ұйымдастырылды. Әсіресе жағымсыз энергиядан арылуға, сергек және ұжымдық қолдауды сезінуге арналған психологиялық жаттығулар полицейлерге ерекше әсер қалдырды.
Одан бөлек, полицейлердің бұлшық ет қысымын босату, эмоциясын тұрақтандыру, кәсіби шаршаудың алдын алу, өтпелі және жедел стрестен арылу мақсатында «Дыбыстық гимнастика», «Тыныс алуды бақылау» психотехникалық жаттығулары мен «Нейробикалық жаттығулар» жасатты.
Сонымен қатар, тренингке қатысушылардың есте сақтау қабілетін, ойын толық жеткізу, сөздік қорын арттыру дағдыларын пысықтайтын «Ақпаратты дұрыс жеткізу» жаттығуы өткізілді. Тәртіп сақшылары пайдалы ақпаратқа толы жиыннан кейін, сергек көңіл-күймен қызметтеріне тарады.