Шымкент қаласы Полиция департаментінде 15-мамыр Отбасы күніне арналған «Міндет. Абырой. Ерлік.» атты көркемөнерпаздар байқауы өтті. Сайысқа полиция қызметкерлерінің отбасы мен жас өнерпаздар қатысты.
Салтанатты шара Кадр саясаты басқармасының бастығы Данияр Ундербаевтің жылы лебізімен басталды. Ол, барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, байқаудың тартысты әрі әділ өтетініне сенім білдірді.
Талантты балалардың өнеріне төрелік ету мәртебесі ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары әділет подполковнигі Мұсахан Колибаев, Шымкент қ. №2 саз мектебінің вокал мамандары Қарлығаш Бейсенбаева мен Қаламқас Тояшеваға және Еңбекші АПБ бастығының Кадр саясаты жөніндегі орынбасары Алым Садыковқа берілді.
Екі айналымға ұласқан байқауға қатысушылар 20-дан астам ән шырқап, күй тартып, өлең жолдарын да оқыды. Атап айтқанда «Батырлар ұраны», «Ауылым», «Отан ана», «Жаңа Қазақстан» сияқты тағы да басқа патриоттық әндер үздік деңгейде орындалды. Жасөспірімдердің әсем үні көрермендерді тәнті етіп, таңдай қақтырды.
Нәтижесінде, қазылар алқасының шешімімен оқушылар сарайы «Балдәурен» үйірмесінің қатысушысы Махмуд Дарын бас жүлдені иеленіп, теледидар ұтып алды. Ал, «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің оқушысы Байданов Батырхан жүлделі І-орын алса, дәл осы мектептің аруы Сабден Замира ІІ-орынға жайғасты. Сондай-ақ, Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы полиция капитаны Қорғанбаев Мырзабай мен ұлы Нұрдаулет Ибадулла жүлделі ІІІ-орынды иеленді.
Бұған қоса, оқушылар сарайы «Балдәурен» үйірмесінің тағы бір қатысушысы Артықбай Нұрасыл мен Патрульдік полиция полкінің қызметкерлерінен құралған «Полиарт» триосы «Көрермен көзайымы» номинациясын алды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
Шара соңында, барлық өнерпаздарға «Міндет.Абырой. Ерлік.» естелік статуэткасы беріліп, жоғары дәрежедегі өнерлері үшін Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшылығы атынан алғыс білдірілді.