Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажет. Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек, деп айтып өткен болатын. Осы орайда, Шымкент қаласында қоғамдық көліктердің 90 пайызы жаңартылған, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұхтар Сәтіллаұлы брифинг барысында мәлімдеді. Бүгінде Шымкент қаласында жалпы 10 автопарк қызмет көрсетеді. Онда 1000-ға жуық автобус тіркелген. Қазіргі таңда әлеуметтік мәні бар маршруттардың тізімімен 75 маршрут айқындалған. Аталған бағыттағы автобус маршруттары субсидиялар есебі арқылы қала аумағын, сонымен қатар шет аймақтарда орналасқан барлық шағын аудандар мен тұрғын алабтарды қоғамдық көлікпен қамтиды. Қалалық тұрақты маршруттарда 600-ден астам автобус жанар-жағар май ретінде экологиялық таза газ-метанды пайдаланады. Аталған автобустарды газ отынымен қамтамасыз ету үшін 2 газ станциясы қызмет көрсетуде, ал үшінші станциясының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Сондай-ақ, қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру мақсатында «Диспетчерлік қызмет орталығы» КММ автоматтандырылған бағдарлама арқылы қалалық қоғамдық көліктердің қозғалысына үздіксіз мониторинг жүргізіп отырады. Егер де, жүргізушілер тарапынан бұзушылықтар немесе әдеттен тыс жағдай болу фактілері анықталған жағдайда, жедел түрде тиісті шаралар қолданады. Айта кетейік, осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы бекітілген. Схемамен қаралған маршруттық желісіне сәйкес, 77 маршруттың жұмысы ұйымдастырылды. Күнделікті 875 автобус бағытқа шығып, жолаушыларды тасымалдайды. 10 көлік компания жолаушылар тасымалдау қызметін көрсетеді. Қаладағы қоғамдық көліктерді жаңарту мақсатында 2019 жылы 300 жаңа автобус, 2020 жылы 590 жаңа автобус сатып алынды.
Қазіргі таңда пайдалану мерзімі 5 жылға дейінгі жаңа автобустар көрсеткші 90 пайызды құрайды. Ал, биыл қала тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, тасымалдаушы мекемелерге ескірген автобустарды жаңалау бойынша талап қойылады. Осыған орай, 2023 жылы тасымалдаушы мекеме есебінен жаңа 20 автобус сатып алу жоспарда бар.