Мемлекет басшысының Жолдауларында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды» деп атап өткен болатын.
Осы орайда, Шымкентте «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің кәсіптік одағы Республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлік филиалының құрамындағы №1 қалалық балалар ауруханасы ұжымында семинар кеңес өтті, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелеріне семинарды «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Жарқынбек Құрманбек пен «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы» басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов өткізді.
Жиын барысында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау тақырыбы аясында түсіндірме жүргізіліп, кәсіби аурушаңдықтан сақтау, қауіпті еңбек жағдайларын алдын-алу жолдарына талқыланды. Қазақстан Республикасы Заңнамасына сәйкес, еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістер, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ұжымдық және еңбек шарттарын жасасудың маңыздылығы, өндірістік жарақаттану, кәсіби аурушаңдықтан сақтану, қауіпті жағдайлардың алдын алу туралы түсіндірме берілді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу шаралары жөнінде де әңгіме өрбіді.
Еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау, еңбек қауіпсіздігі жөніндегі мамандарды даярлау, олардың біліктілігін арттыру мемлекеттік реттеудің мәні болып табылады.
Жұмыс берушілер мен жұмыскерлер Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметін жүзеге асырған кезде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды орындауға міндетті.
Бұл ретте, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру жұмыс берушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылады, яғни қызметкерлер осы мақсаттарға арналған шығыстарды көтермейді. Қаражат көлемі Жұмыс берушінің актісінде немесе ұжымдық шартта айқындалады.
Айта кетейік, №1 қалалық балалар ауруханасының қабырғасында 600 адам жұмыс жасайды. Барлығы 100% кәсіподақ мүшелері. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы — Бауржан Алменов.