Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажет. Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек, деп айтып өткен болатын.
Осы орайда, қалалық инфрақұрылымды жүйелі дамыту мақсатында жүргізілген жұмыстар бойынша ағымдағы жылы Шымкент қаласының аумағына жалпы 200 мың түп ағаш көшеті егілетін болады. Бұл туралы Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Жолдасов Ержан Жақсылықұлы брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды jetpisbai.kz.
Оның ішінде, 110 мыңға жуығы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында болса, қалған 90 мың түп ағаш демеушілік және жаппай сенбіліктер өткізу арқылы егіледі.
Ағаш түрлері мен нақты санын айқындау мақсатында жаңа технологиялар мен білікті мамандардан құралған топ құрылып, қала аумағындағы барлық жасыл екпелерге түгендеу, паспортизациялау бағдарламасы әзірленуде.
Бағдарлама артықшылықтарына тоқталатын болсақ, әр талдың түрі, биіктігі, жас мөлшері, қазіргі жағдайы және орналасқан орны бойынша мәлімет енгізілетін болады.
Осы арқылы, құрылысы жүргізілетін инфрақұрылым объектілері мен күрделі құрылыс нысандарын жүргізу барысында ағаштардың бей-берекет кесілуіне жол берілмейді.
Гүл егу жұмыстарына тоқталатын болсақ 2023 жылы қаланың көрікті жерлеріне 1 млн дана қызғалдақ егілген болса, жаздық бір жылдық әсем гүлдер саны 750 мыңға жетіп отыр. Сонымен қатар, күз айларында гүлдейтін көпжылдық 100 мың түп гүл қаланың орталық көшелері мен гүлзарларына егіледі.
Жалпы алғанда 2023 жылдың мамыр айындағы жағдай бойынша қала аумағында 1 млн 750 мың түп гүл егілген.
Қаламыздың символына айналған қызғалдақ гүдерінің санын 2024 жылдан бастап әр жылы 500 мың түпке дейін өсіру жоспарланып отыр. Осы арқылы қаламыздың шалғай орналасқан елді мекендеріне көрік беру көзделуде.
Шымкент қаласы аумағында жалпы ұзындығы 313,1 шақырымды құрайтын 34 канал бар.
2021-2022 жылдары ауыл шаруашылық масатында пайдаланып отырған Көк, Чумчак, Шапырашты, Сай, Шымкент каналдарына күрделі жөндеу жұмыстары басталып, 2023 жылы пайдалануға берілетін болады.
Аталған каналдардың қайта құрудан өткен бөлігінің жалпы ұзындығы 41,8 шақырымды құрайды. Осы арқылы, 2206 Га жер мен 4170 үй іргелік жерлер ағын сумен қамтылады.
Шымкент қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында, тұрақты 2400-ге жуық жұмыс орындары ашылып, қаланың санитарлық тазалығын қамту, көше жуу, қар күреу сынды жұмыстарға жаңа арнайы 150 техника тартылатын болады.
Сондай-ақ, жоба аясында жасыл екпелерді суару жұмыстарын жандандыру мақсатында 440 бірлік су ұңғымасы бұрғыланып, пайдалануға берілетін болады.