Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Шымкентте жас түлектер полиция музейі мен ЖБО-на экскурсия жасады

Шымкентте жас түлектер полиция музейі мен ЖБО-на экскурсия жасады

Шымкент қаласы Полиция департаменті музейінде «Ашық есік» күні өткізілді. Халықаралық музей күні мерекесіне арналған шара, кәсіби мамандықты дұрыс таңдау бағытына арналды.
Өз кезегінде, музей ісінің маманы Гульнар Шалқарқызы Шымкент қаласы «Арман» мектеп лицей-гимназиясының оқушыларына құқық қорғау саласының қыр-сыры туралы түсіндіріп, полицияның өткені мен бүгіні жайлы тың ақпараттар берді.
Мұндағы басты мақсат, тәртіп сақшыларының үздіксіз еңбегі мен қызмет барысындағы көзсіз ерліктері туралы дәріптеп, жас буынның құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттыру болып табылады.
«Арман» мектеп лицей-гимназиясының шәкірттері департамент музейіндегі құнды жәдігерлерге қызығушылықпен қарап, Кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Екатерина Точиловаға тәртіп сақшысы атану үшін қандай талаптар қойылатыны туралы сан-түрлі сауалдар жолдады.
Сондай-ақ, департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Сырым Абдуллаев жасөспірімдерді Жедел басқару орталығына апарып, мегаполис тіршілігін бейнекамералар арқылы бақылауға мүмкіндік сыйлады.
Жедел басқару орталығының бастығы полиция полковнигі Асқар Алипбаев пен оның әріптестері оқушыларды қуана қарсы алды. Оларға шаһардағы көлік қозғалысын, мектептер мен саябақтардың жай-күйін және автобустардағы камералар мен «SOS» батырмасының қалай жұмыс істейтінін көрсетті.
Сонымен қатар, оқушыларға құқық бұзушылыққа жол бермеу туралы ескертіп, полицияның цифрландырылған қосымшаларын таныстырды.
Ашық есік күні қарсаңында Шымкент қаласы Полиция департаментінің музейіне 150-ден астам қонақ келді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ІІМ-нің нұсқауымен Шымкентте полиция қызметін цифрландыру бойынша бірқатар жаңа қосымшалар қолданысқа енгізілді.

Оның ішінде, Шымкент қаласы «Mega Planet» ойын-сауық орталығының алдына алғаш рет Жедел басқару орталығына қосылған «SOS» дабыл түймесі орнатылды.
Мұндағы басты мақсат, мегаполис тұрғындарының қауіпсіздігін бұрынғыдан да нығайтып, кез-келген жағдайда азаматтарға қолжетімді болу.
Өз кезегінде, қала аумағында орын алған құқықбұзушылықтың куәсі немесе құрбаны болған азаматтар «SOS» түймесі арқылы полициямен шұғыл байланысуға мүмкіндік алады.
Бұдан бөлек, тұрғындар ұялы телефонының қуаты сөніп қалса, бағалы мүлкі мен құжаттарын жоғалтып алса немесе өзін жайсыз сезінген жағдайда дабыл батырмасын басу арқылы полицияның көмегіне жүгінеді.
Орнатылған құрылғының ерекшелігі — тәртіп сақшылары шұғыл байланысқа шыққан адамның жай-күйі мен оның маңындағы ахуалды бейне-аудио байланыс арқылы толық бақылай алады.
Сондай-ақ, бейнебақылау инспекторлары көмекке арнайы автоэкипаж жолдап, жағдайды дер кезінде реттеуге мүмкіндік бар.
Алдағы уақытта, шаһарымызда тағы 25 жаңа дабыл батырмасын іске қосу жоспарлануда.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*