Миллионнан астам тұрғыны бар мегаполисте автокөлік жолдары 2347 шақырымды құрайды. Яғни, осы асфальт жолдарда көлік қозғалысын реттеуге арналған 290 сигналды бағдаршам, 13 700 жол белгісі мен 35 мың метр квадраттан астам жол таңбалары сызылған.
Шаһардағы жол қауіпсіздігін нығайту мақсатында Шымкент қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері қала көшелері мен жол белгілерінің жай-күйіне көктемдік кешенді тексеру жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде, анықталған кемшіліктерді түзету үшін (жол белгілерін орнатуға, жол таңбаларын жаңартуға, ойық-шұңқырларды қалпына келтіруге) жергілікті атқарушы органдарға 595 нұсқама берілді. Сәйкесінше, биыл 12 орынға жаяу жүргіншілерге арналған белсенді бағдаршам мен 15 қиылысқа автокөліктерді реттеуге арналған сигналды бағдаршам қойылды.
Бұған қоса, жол қозғалысын реттеуге арналған 1079 белгі орнатылып, 220 жол белгісі қайта қалпына келтірілді. Сондай-ақ, жолдарда, құрлыстарда күтіп-ұстау талаптарын дұрыс орындамағаны үшін 59 лауазымды тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды.
Өз кезегінде, полиция қызметкерлері азаматтарды жолда абай болуға және орнатылған белгілер мен ережелерге қатаң бағынуға шақырады.
Сонымен бірге, Шымкентте «Абайлаңыз, балалар!» жедел профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Бүгін «Абайлаңыз балалар» профилактикалық іс-шарасы аясында мегаполистегі білім беру мекемелерінің бірі №80 IT мектеп-лицейінде марапаттау рәсімі мен полиция жұмысымен таныстыру мақсатында «Ашық есік» күні өтті.
Аталған шарада белсенділік танытқан мектеп директоры Баян Қалдыбекқызына Қаратау АПБ бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Данияр Қыпшақов ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжановтың атынан берілген «Алғыс хатты» табыстады.
Ал, Қаратау АПБ бастығы полиция подполковнигі Данияр Плаловтың атынан мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгерім Алтынбекқызы мен «Жас сарбаз» сыныбы оқушыларына «Алғыс хат» берілді.
Іс-шара соңында ювеналды полиция қызметкерлері мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру, полиция жұмысымен таныстыру мақсатында қызметтік автокөлікпен, Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінің қару-жарақ, нысанды киім үлгілерімен таныстырып, мектеп ауласында ашық есік күнін өткізді.
Айта кетейік, республика көлемінде қолға алынған «Абайлаңыз – балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы 31-мамырға дейін жалғасады.