Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан Халқына жолдауында айтылған бастамаларға сәйкес, ішкі істер органдарының қызметкерлері өзге де мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жалпы ел аумағында есірткіні қолдану мен нашақорлықтың алдын алу бағытында түрлі профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді.
Осы орайда, Шымкент қаласының Полиция департаменті оқу жылы барысында қаламыздың барлық білім беру мекемелерінде, оның ішінде мектептерде, орта арнаулы және жоғарғы оқу орындарында жасөспірімдер мен жастар арасында есірткі қолданудың және нашақорлықтың алдын алу бойынша арнайы ақпараттық-түсіндірмелік дәрістер өткізуде.
«Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» қарсаңында кезекті іс-шара «Жоғары медицина колледжінде» жалғасын тапты.
Оған Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков, «Психикалық денсаулық орталығының» наркологы Асем Шаукенбаева, «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының» мұғалімі Назира Жүргенбаева және «Жастар ресурстық орталығының» маманы Арайлым Әлім қатысты.
«Басты байлық — денсаулық» деген қағиданы ұстанған олар көрсетілген мәселелер бойынша болашақ медицина қызметкерлеріне толыққанды ақпарат беріп, жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, алдағы демалыстарындағы бос уақытында пайдалы істермен айналысуға шақырды.
Сөз соңында студенттер аталған бастамаларды қолдайтындарын және алдағы уақытта оқуды аяқтаған соң осы бағытта жұмыс жүргізуге ниетті екендерін жеткізді.
Айта кетейік, жастар арасында нашақорлыққа қарсы иммунитет қалыптастырып, есірткі қылмысына жол бермеу мақсатында Шымкент полицейлері жасөспірімдер арасында челлендж бастады.