Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Шымкентте гарнизондық тарату өтті

Шымкентте гарнизондық тарату өтті

Ішкі істер министрінің нұсқауымен Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков жеке құрам қызметкерлері арасында гарнизондық тарату өткізді.
Мегаполистің әкімдік ғимаратының алаңына Полиция департаментінің тәуліктік нарядқа түсетін барлық сақшылары түгел жиналды.
Мұндағы мақсат — полицейлердің қызметтік міндетті атқару үшін қаншалықты талапқа сай екенін тексеру, олардың құжаттары мен құрал-жабдықтарын және сыртқы келбеті мен нысанды киім үлгісін жіті назарға алып, кемшіліктер кездессе дер кезінде шара қолдану болып табылады.
Маңызы зор шарада полиция генерал-майоры Қайрат Сұлтанбайұлы әр қызметкерді жеке өзі тексеріп, олардың тиянақтылығына сыни көзқараспен қарады.
Халықпен етене жақын жұмыс істейтін орган қызметкерлері ретінде сыртқы келбетке және нысанды киімді үлгісіне күтіммен қарауды ескертті.
— Қатарда тұрған әр сақшы бүгінгі Шымкент полициясының айнасы. Сондықтан, сіздер азаматтармен қарым-қатынас орнату кезінде мәдениетті, жинақы, заң талаптарына қатаң бағынатын, қызметтік құжаттары мен жабдықтары түгел полицей болу қажетсіздер. Жұртты тәртіпке шақырып, қылмысқа жол бермеу үшін антқа адал, талапқа сай қызмет етіңіздер.-, деді Қ.Дәлбеков.
Полиция қызметкері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жедел іс-қимылдарға әрқашан сақадай сай болуы тиіс. Төтенше жағдайларда шұғыл әрекет етіп, адам тағдыры қыл үстінде тұрса құтқару жабдықтарын өз пайдасына жарата білуі қажет.
Осы мақсатта тәуліктік нарядқа түсетін тәртіп сақшыларының қызметтік құрал-жабдықтары мен құжаттары, нысанды киім үлгісі жіті тексеріліп, кемшіліктерді түзету үшін басшылық құрамға тиісті тапсырма берілді.
Гарнизондық тарату кезінде өз қызметтік міндетін адал атқарып, жоғары нәтижеге қол жеткізген полицейлер марапатталып, тексеру жұмыстары саптық байқаумен аяқталды.
Айта кетейік, аталған шара әр айдың соңғы жұмасында өткізіледі.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*