Полиция қызметкерлері жолдасынан зәбір көрген балалы ананы «Самғау сенім» орталығына орналастырды, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Абай ауданы Полиция басқармасының «102» арнасы арқылы Достық шағын ауданының тұрғыны арызданған. Ол онда, ата-енесі мен жолдасының тарапынан қысым көріп, отбасылық жанжалдың жиілеп кеткендігін айтқан.
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін көрсетілген мекенжайға Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция майоры Гүлзира Бектемисова барып, жағдайдың жай-жапсарымен танысты.
Нәтижесінде, жолдасының үстінен қорғау нұсқамасы толтырылып, 30 тәулікке есепке алынды.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған азаматшаға құқықтық және психологиялық қолдау көрсету мақсатында баласымен бірге уақытша пана ретінде «Самғау сенім» орталығына орналастырды. «Самғау сенім» орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған көпбалалы аналарға, аз қамтамасыз етілген отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетеді.
Осы тұста тәртіп сақшылары жайсыз отбасылар мен түрлі отбасындағы зорлық-зомбылық салдарынан жанұя мүшелерінің зардап шегетінін айтып, оларға қатысты күш көрсету, кемсіту, ұрып-соғу жайттары бойынша заң жүзінде жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Бүгінгі таңда отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі қоғамда орын алып жатқан түрлі жайттар қоғамды алаңдатпай қоймайды. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жалғасуда.