Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажет. Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек, деп айтып өткен болатын.
Осы орайда, Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы, жол, инфрақұрылым, абаттандыру жұмыстары жоспарға сай атқарылуда.
Биыл Шымкентте 9 көпқабатты тұрғын үйдегі 13 жеделсаты ауыстырылып, жаңа жеделсатылар қайтарымды қаржы негізінде орнатылатын болады, деп хабарлайды jetpisbai.kz.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Бұл бойынша қазіргі таңда қаржылық-экономикалық негіздеме қорытындысы күтілуде. Аталған негіздемеге сәйкес, қаржы қаралған соң жеткізуші мердігер мекемемен келісім шарт түзіліп, орнатылу жұмыстары жүргізілмек. Жеткізуші мердігер мекемемен орнатылатын жедел сатылардың келісім шарт бойынша 2 жылдық кепілдік мерзімі қарастырылған.
Тұрғын үйлердегі ескіріп істен шыққан жеделсатылар бүгінде физикалық және моральдық тұрғыдан ескірген. Техникалық сараптама жүргізуші мамандар бұл істен шыққан жеделсаты модель түрлерін өндіретін өндіріс 25 жылдан астам уақыт бұрын өз жұмысын тоқтатқандығын айтады. Сонымен қатар, қосалқы бөлшектер, тетіктер мен механизмдері нарықтан жойылған.
Сондықтан тозған және істен шыққан жеделсатылардың тек бөлшектерін ғана ауыстыру мәселесі лифттің қауіпсіз жұмысына кері әсер етуі мүмкін. Осыған сәйкес, сараптама комиссиясының қорытындысы бойынша лифтілерді одан әрі пайдалануға рұқсат етілмейді.
Яғни лифттерді толығымен ауыстыру қажеттігі анықталып отыр. Көппәтерлі тұрғын үйлердің жедел сатысын ауыстыру үшін жергілікті бюджеттен 163 миллион 500 мың теңге қаржы қаралу жоспарлануда. Айта кетейік, Шымкент қаласында құрылыс қарқын алып, көп қабатты нысандардағы лифтілер саны көбеюде. Осыған байланысты көтергіш құралдары тексерілуде. Бұл жұмыстармен Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына жүктелген.
Бүгін басқарма мамандары Рысқұлов көшесі, 62/4 ғимараттағы лифтіні сынақтан өткізді. Бес қабатты ғимаратқа қойылған көтергіш құрылғы Түркиядан жеткізілген. Оны «Лифт құрылыс» ЖШС мамандары монтаждап, орнатуды аяқтап қалды. Басқарма мамандары компания өкілдерімен бірге лифтінің жүк көтеру күшін тексерді. Лифт сынақтан өтті. Монтаждаушы компания құрылғыға 18 айға кепілдік беріп отыр. Одан кейін де нысан иесімен келісім негізінде серивстік қызметін ұсынбақ.