2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 55 стоматологиялық мекемемен тікелей келісімшарт жасады. Бұл туралы брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Нұршат Айтымбетова мәлімдеді, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Нұршат Рейімбайқызының айтуынша, стоматологиялық көмек көрсету процесінде ешқандай өзгеріс болмаған. Пациент бұрынғыдай медициналық көмектерін ала береді. Тек келісімшарт жасау тәртібі өзгерген. Бұған дейін стоматологиялық клиникалар өзара шартқа отыру арқылы қосалқы мердігер ретінде медициналық қызмет көрсетті. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қор көрсетілген қызметтер көлемін бақылап, сапасына мониторинг жасау үшін тікелей клиникалармен шартқа отырды.
– Енді стоматологиялық клиникалар өздерінің қанша қызмет көрсеткенін және Қормен келісімшарт бойынша қанша қызмет көрсететінін өз бетінше қадағалап отырады. Бұрын артылған жүктемеге қарамастан мұнымен пациенттің тіркелген емханасы айналысып келді. Нәтижесінде, пациент алмаған медициналық қызметтер жайлы ақпараттар деректер базасына енгізілген. Қор сарапшылары аталмыш олқылықтарды көрсетілген қызметтерге мониторинг жасаған кезде медициналық құжаттардан анықтады, — деді Нұршат Рейімбайқызы.
Алайда, МӘМС жүйесіндегі немесе ТМККК шеңберіндегі стоматологиялық қызметтер барлығына емес, халықтың жекелеген әлеуметтік осал санаттарына ғана қолжетімді. Мысалы, жоспарлы стоматологиялық көмекті тек балалар мен жүкті әйелдер ғана алады. Ал, шұғыл көмекті балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар және оларға күтім жасаушылар, әлеуметтік маңызы бар және жұқпалы аурулары бар пациенттер, көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар алады.
Одан бөлек, стоматологиялық көмекті алу үшін медициналық ұйымға тіркелу міндетті емес және емханадан жолдама керек емес. Ең бастысы, пациент МӘМС немесе ТМККК аясында стоматологиялық көмек алушылардың санаттарының біріне кіруі керек және медициналық көрсеткіштері болуы тиіс.
Қордың бас сарапшысы Айжан Сердалиеваның айтуынша, пациенттің жоспарлы медициналық көмек алуы үшін сақтандыру мәртебесі міндетті түрде болуы керек. Ал, қатты ауырсыну болса, онда мәртебе қажет емес және медициналық қызмет ақысыз көрсетіледі. Ескерерлігі, пациент барлық медициналық қызмет түрлерін тек медициналық көрсеткіштер бойынша ғана ала алады.
– Негізі көрсетілетін медициналық қызметтердің тізбесі ауқымды. Жалпы, стоматологиялық клиникалар амбулаториялық деңгейде консультациялық-диагностикалық қызметтер мен манипуляциялар ұсынады. Оның ішінде, пломбалау, тісті жұлу және жансыздандыру қызметтері бар. Сонымен қатар, МӘМС аясында жақ-бет аймағының туа біткен патологиясы бар балаларға амбулаториялық деңгейде ортодонтиялық пластина орнатылады. Егер пациенттердің стационарлық жағдайда стоматологиялық көмек алуға көрсеткіштері болса, онда ол ауруларды диагностикалау және емдеу хаттамаларына және ҚР стоматологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес көрсетілетін болады, — деді Айжан Абайқызы.
Стоматологиялық клиниканы пациенттің таңдауына болады. Тек клиниканың Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшартқа отырғаның анықтау керек. Стоматологиялық клиникалар тізімін fms.kz ресми сайтынан көруге болады немесе клиникадан сұрауы керек.
Тиісті жабдықтары мен мамандары бар емханаларда стоматологиялық көмек алуға болады. Емханаға тіркелген азаматтар ғана емес, басқа жерде тіркелген азаматтар да көмек ала алады. Ол үшін тіркеу бөлімі арқылы қабылдауға жазылу керек.
Егер пациентке МӘМС есебінен стоматологиялық қызмет көрсетілмесе, клиниканың пациенттерді қолдау қызметіне хабарласуы керек. Не болмаса Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, 1305, 1406 бірыңғай байланыс орталықтарына өтініштерін қалдыруына болады.