Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қоғамда барлық азаматқа қолайлы жағдай, жайлы инфрақұрылым жасақтауды тапсырған болатын.
Осы орайда, Сауран ауданында әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ашылды. Ашылу салтанатына аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
— Қазыналы қарттарымыз бен мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға қолайлы жағдай жасау мақсатында аудан орталығында әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ашылып отыр. Баршаңызды жаңа орталықтың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Көңілге түйгені көп қарттарымызға қолдау көрсету — баршамыздың міндетіміз. Бұл орталық қарттарымыз бен мүмкіндігі шектеулі жандардың сұранысын қанағаттандырады деп сенеміз, — деді аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев.
Орталықтың іші кең әрі жарық. Қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайту мақсатында барлық жағдай жасылынған.
Ақсақал Қойшыбек Арынов — орталықтың тұрақты қызмет алушысы. Зейнеттегі уақытын тиімді пайдаланып жүрген қария ел Президенті мен облыс, аудан басшыларына алғысын білдірді.
Сауран ауданы бойынша зейнет жасындағы қарттар саны — 7338, мүмкіндігі шектеулі азаматар саны — 3314 және оның ішінде 129 мүмкіндігі шектеулі балалар.
Орталықта 7 бағыт бойынша қызмет бар. Балалардың мұнда ән айтып, ойын ойнап, сурет салып уақыттарын тиімді өткізуіне жағдай жасалынған. Массаж жасатып, тіпті фитобөшкеде отырып ем қабылдай алады. Орталық бір айда санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып 1500 адамға дейін әлеуметтік қызмет көрсетуге қауқарлы.