Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » Жан жылуын сыйлаған

Жан жылуын сыйлаған

Ауыл тұрғындарының ықыласына бөленіп жүрген медбикелердің бірі – Қазығұрт ауданына қарасты Қ.Әбдалиев ауылдық округінің Қыдырмәмбет елді  мекеніндегі «Қазығұрт» фельдшерлік-акушерлік бекетінің меңгерушісі Гүлзинат Қазтаева. Ол  1997 жылы Шымкент медицина колледжін бітіріп, фельдшер мамандығын алған. Колледжді тәмамдаған соң Қыдырмәмбет ауылындағы Есенбаевтар әулетіне келін болып түседі. Еңбек жолын ауылдағы «Қазығұрт» жалпы орта мектебінде медбике болып бастайды. Ал, 2007 жылдан «Қазығұрт» ФАП меңгерушісі қызметін атқаруда.
– Фельдшерлік жұмыста дәрігердің де, медбикенің де жұмысын атқаруға тура келеді. Науқастың жай-күйін біліп, оның қаупін мейлінше азайтуға септігімізді тигіземіз. Фельдшер болып еңбек етіп келе жатқаныма 18 жылға жуықтады. Осы жылдар ішінде қаншама қиындықтар кездесті. Мәселен, осы жұмысқа енді кіріскен кезімде ауылда аяғы ауыр бір келіншек үйінде босанып қалды. Алайда, сәбиінің кіндігі түспей, әбігерге салды. Бар күш-жігерімді салып,  кіндігін өзім кесіп, аман алып қалдық. Ел іші болған соң түрлі тосын жағдайлар кездеседі. Бірде отбасындағы кикілжіңнің салдарынан ашуға булығып, бір азамат дәрі ішіп қойыпты. Оған шұғыл «адреналин» салдық. «Жедел жәрдем» келген соң оттегі беріп, бір ажалдан аман алып қалдық… Перзентханадан шыққанына үш күн болған келіншек үйіне келе салып нан жауып, кір жуған. Ағзасына шамадан тыс күш түсіріп, қансырап қалған оның өміріне Алланың арқасында араша тұра алғаныма өзімді бақытты сезінемін, – дейді Гүлзинат бізбен әңгімесінде.
2017 жылы республикалық бюджет есебінен салынған фельдшерлік-акушерлік бекетте бес адам, яғни фельдшер, акушер-гинеколог, кіші буын медицина қызметкері және екі күзетші еңбек етеді. Гүлзинаттың айтуынша, әр жұма сайын, тұрғындар аурушаңдығының алдын алу және ерте анықтау мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, сырқатты емдегеннен гөрі оның алдын алу тиімді. Сондықтан тұрғындардың денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын қалыптастыру басты  міндеті екенін жақсы түсінеді!
Гүлзинат Қазтаеваның күйеуі Шоқан Қазығұрт аудандық өрт сөндіру мекемесінің Жаңабазар бөлімшесінде еңбек етіп, бүгінде зейнетінің бейнетін көруде. Екеуі төрт бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Үлкен ұлы Мұқасан – студент,  Диана, Нұрай, Руслан – мектеп оқушылары. «Науқастарды жылы сөзімен емдеп, дертімізге шипа беріп келе жатқан мерейлі жанға алғыстан басқа айтарымыз жоқ» дейді Тілектес Тілләбеков, Көшен Байғанаев, Ұлжан Әлішова сынды ауыл тұрғындары.

А.БЕРМҰХАНОВА,
Қазығұрт ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*