Түркістан облысының аймағы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) ауруынан табиғи ошақ қатарына жатады.
2023 жылдың бүгінгі таңына КҚГҚ ауруынан 29 күдікті жағдай тіркеліп, оның ішінде 2 науқастың диагнозы расталған (Ордабасы, Сауран аудандары).
Науқастың клиникалық белгілеріне байланысты, эпидемиологиялық және зертханалық жолмен диагноздары расталған, оның ішінде 1 науқас көрсетілген ем шараларға қарамастан қайтыс болған (Сауран ауданында – 1 жағдай).
ҚР ДСМ СЭБК Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ұйымдастыруымен облыс көлемінде КҚГҚ-сы ауруының эпидемиологиялық алдын алу іс шаралары қатаң бақылауға алынып, жүйелі түрде жұмыстар атқарылуда.
КҚГҚ-нан Түркістан облысында эпидемиологиялық жағдай және атқарылып жатқан іс шаралар, табиғи ошақтардағы алдын алу және індетке қарсы іс шараларды ұйымдастыру, аса қауіпті инфекциялар мәселелері бойынша тиісті мүдделі қызметтер мен ведомствалардың сектораралық өзара жұмыстары ұйымдастырылып, үйлестірілуде. Сонымен қатар, облыс тұрғындары арасында КҚГҚ ауруының алдын алу мақсатында мед.қызметкерлерінің қырағылығы мен сақтық шараларын күшейту, ауруханаішілік жағдайды болдырмау, науқасты ерте диагностикалау, емдеу және аурудың алдын алу бойынша тестілеу, аттестациялау, семинар, жаттығу сабақтары мен дәрістер кең көлемде жүргізілуде.
2023 жылы облыс бойынша 835 елді мекендердің, 533 елді мекендерінде зоопаразитологиялық топ құрамдарымен барлау жұмыстары жүргізіліп, барлығы 33 408 кене жиналып, оның ішінде 30 сынамалардан КҚГҚ-ның вирусы анықталған.
Облыс бойынша 2023 жылы кене шағып медициналық ұйымға – 697 адамдар тіркелген, 2022 жылдың осы мерзімінде 800 кене шағу жағдайлары тіркелген. Облыста көктемгі кенеге қарсы залалсыздандыру кезеңі ағымдағы жылдың 27 наурызынан басталып, 8 маусым аралығында жүргізіліп аяқталды.
Биылғы жылы КҚГҚ қолайсыз болып саналатын 102 елді мекендерде жалпы көлемі 71 270 844 шаршы метрде санитарлық қорғау аймақтары құрылып, кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
Департаменттің ұйымдастыруымен 2023 жылдың 20 маусымында Облыс әкімдігі жанындағы халық денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі өткізіліп, тиісті ведомства басшыларына КҚГҚ ауруының алдын алу мақсатында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты өңірлердің дайындығы мен атқарылуға тиіс кешенді іс шаралар нақтыланды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе барлық аудандық, қалалық емдеу-сауықтыру ұйымдарының медицина қызметкерлері және ауылшаруашылық басқармасының ветеринариялық қызметкерлері арасында семинар, жаттығу сабақтары мен дәрістер өткізілуде. Сонымен қатар, тұрғындар арасында КҚГҚ ауруының жұғу жолдары, сақтану шаралары туралы санитарлық ағарту жұмыстары кеңінен жүргізіліп, кене шағу жағдайларын ерте анықтау мақсатында аула аралау жұмыстары жүргізілуде. Облыс бойынша іс-шаралардың күнделікті
мониторингі жүргізілуде. Облыстық қан орталығында КҚГҚ-ның иммундалған плазма қоры жасақталған және емдеу профилактикалық ұйымдарында вирусқа қарсы «Рибавирин» препаратының жеткілікті қоры жасақталған.
КҚГҚ- нан эпид.маусымның басталуын ескере отырып, халықтың назарын келесі мәселелерге аудару қажет: әр адамның өз денсаулығына мұқият болуы, кене шаққанда немесе кенемен жанаста болу жағдайларында міндетті түрде медициналық көмекке қаралуы, кене шаққан адам 14 күн бойы медициналық бақылауда болуы қажет, тиісті жағдайда жеке басты қорғау заттарын қолдану, инсектицидтерді пайдалану, аулаларды таза ұстау, малқораларды қидан тазартып, малқораны және малдарды кенеге қарсы дер кезінде өңдеу.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан сақтану жолдары:
Табиғатқа демалысқа шыққанда кененің жабысқаны көрінетін ашық түсті жақсы қорғалған резеңкелі манжетті жеңі ұзын көйлек кию қажет. Денеге кененің жабысқанын тексеру үшін өзіңіз және өзіңізге байқалмайтын орындарды (мойын, бастың шаш бөлігі, дененің артқы жағы т.б.) бір-біріңіздің үстеріңізді мұқият қарап отыру қажет.
Дененің ашық жерлеріне және киімге кене ағзасына кері әсер ететін немесе оны жоюға арналған арнайы акарорепеленттерді, акарицидтерді және жеке қорғану құралдарын қолдану қажет.
Кене шаққанда немесе кенемен жанаста болу арқылы аса қауіпті инфекцияны жұқтыру мүмкіндігі жоғары болғандықтан, өзіңізді және өз жанұяңызды қорғау үшін міндетті түрде жеке басты қорғау, сақтану құралдарын пайдаланыңыз!
Кене шаққан немесе кенемен жанаста болған жағдайларда міндетті түрде медициналық ұйымға қаралуыңыз және 14 күн медициналық бақылауда болуыңыз қажет!
Нұрбек Нышанов, Түркістан облысының СЭБД басшысы.