Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Көкейтесті » БІРІНШІ БАЙЛЫҚ – ДЕНСАУЛЫҚ

БІРІНШІ БАЙЛЫҚ – ДЕНСАУЛЫҚ

Жыл соңына қарай елі үшін аянбай еңбек етіп, ерен еңбектің арқасында алғыс арқалап отырған бірқатар азаматтар лайықты бағасын алып Түркістан төрінде марапатталды. Соның ішінде денсаулық саласы бойынша «Жыл үздігі-2022» марапатына ие болған Бас дәрігер Райымбек Тасырбаев басқарып отырған Түркістан қалалық емханасы.

Үздіктер қатарынан табылған емхана басшысын табысты жылымен құттықтай отырып, емхана жетістіктері жайлы айта кетуін сұраған едік.

«Ия, өткен жыл біз үшін жақсы естеліктерімен есте қалды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та Түркістанға келген сапарында Түркістан халқына консультациялық-диагностикалық, білікті және мамандандырылған медициналық көмек көрсететін емханамызды облыстағы озық емханалардың бірі деп оң бағасын беріп кеткен болатын. Бұл әрине біздің мерейімізді асырды. Мақсатымыз халық сеніміне негізделген тегін медициналық көмек арқылы халыққа білікті, қауіпсіз, бастапқы санитарлық медициналық көмек көрсету болғандықтан және еңбегіміз соған сай болғандықтан нәтижеге жетіп отырмыз деп ойлаймын.

Айта кетейін, орталықтағы цифрлы рентген құрылғысы, флюрография, маммограф, жылжымалы «Флюрокар» ЭЭГ құрылғысы, спирография, соңғы үлгідегі УДЗ құрылғылары, ересектерге және балаларға арналған соңғы үлгідегі ЛОР-комбайні, аудиометрия, офтальмалогиялық тексерулерге арналған заманауи құрылғылар т.б. көптеген жаңа және дәстүрлі технологиялар халық игілігіне ұсынылған.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінде қоғамдық денсаулықты сақтауды күшейту, медициналық технологияларды дамыту, медициналық қызмет көрсету, көмек көрсету, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласындағы бақылауды жетілдіру көзделген емес пе? Сондықтан жобадағы аталған мақсат-міндеттерге сай болғанымыз білікті дәрігерлеріміз бен сапалы қызметіміздің арқасында екенін нық сеніммен айта аламын.

Жетістіктерімізге келсек, емханамызға ҚР ДСМ «ДДҰ/БҰҰ БҚ критерийлеріне сәйкес ана сүтімен сәтті емізудің» барлық ұстанымдарын тәжірибеге енгізгені үшін ана мен балаға ізгі ниетті емхана атағы берілді.

Сонымен қатар, Түркістан қалалық емханасының үздік тәжірибе орталығын (ҮТО) енгізуімен және әлеуметтік-психикалық және профилактика бөлімі жаңа форматты іске қосылу арқасында негізгі индикаторлар бойынша сапалық көрсеткіштер жақсарды. Атап айтсақ, ерлер мен әйелдерге арналған жеке кабинеттер қызмет көрсете бастады, онда дәрігерге дейінгі және қарау мамандары толық көлемде қызмет көрсетеді. Тексеру кабинеттерінің интеграцияланған жүйесінің арқасында халыққа көрсетілетін қызметтер өткен кезеңмен салыстырғанда 2 есеге ұлғайды.

Созылмалы ауруларды емдеудің жеке жоспарын жиі бұзушылар үшін ауруларды басқару бағдарламасымен жалпы жағдайды бақылау және дәрі-дәрмектерді еске салу түрінде уақытылы қабылдау үшін смарт-сағаттарды қолдану енгізілді.

Сондай-ақ, патронаждың әмбебап прогрессивті моделі енгізілуімен учаскелік қызметтің жұмысы, әсіресе тәуекел тобындағы балалардың патронажы жақсарды. Жауапты маманның қызыл, сары, жасыл санаттағы балалармен тікелей жұмыс істейтін медбикелер бекітіліп, балалардың жағдайын күнделікті бағалау және қызыл санаттағы балалар арасында жоғары қауіп факторларын анықтау міндеті қойылды.

Міне, өтіп бара жатқан жылы осындай сапалы да заманауи медициналық қызметтер мен әдіс-тәсілдер қолға алынып, өзінің зор нәтижелерін көрсетті және келер жылы озық емханалармен тәжірибе алмаса отырып жалғасын табады деген үміттеміз.

Барша Түркістан халқын жаңа жылмен құттықтаймын. Дәрігердің ең бірінші тілегі, әрине, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, өздеріңізге күтім жасап қарауларыңызды сұраймыз. «Бірінші байлық – денсаулық» екенін естен шығармаңыздар. Халқымыздың дені сау болса, ұрпағы да мықты болатыны сөзсіз. Сондықтан дендеріңізге саулық, амандық тілеймін. Елімізде тыныштық болсын!».

Н.ҒАЙБҰЛЛАҚЫЗЫ.

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*