Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Балаларға қорған болған абзал жан

Балаларға қорған болған абзал жан

Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні аталып өтіледі. Дәрігерлер — бүгінгі күннің батырлары десе артық айтқандық емес. Себебі жауапкершілігі мол салада жұмыс жасау үшін алдымен талмай білім алып, кейін күні — түні науқасты дертінен айықтыру үшін барын салады. Олардың адамзат аласы үшін жасап жатқан еңбектері өлшеусіз. Құрметке лайық жандар.

Мемлекеттің басты байлықтарының бірі — ана мен бала денсаулығы екені даусыз. Бүгінде еліміздегі ана мен балаға барлық жағдай жасалған. Оның ішінде медициналық қызметті алу мүмкіндігінің аясы кеңейген. Сондай-ақ, хирургиялық ота қажет ететін балалар үшін сапалы әрі қауіпсіз хирургияның дамып келе жатқанын уақыт көрсетіп отыр.

«Дәрігер болуды мен бала кезімнен армандадым. Әрдайым балалармен ойнап жүргенде біреуі құлап қалып бір жерін жаралап алса, соған бірінші болып көмектесуге асығатынмын. Мектеп бітірген соң бала арманымды жүзеге асырып, өз мақсатыма жету үшін 1987 жылы Белорусия республикасы, Гродно облысы, Слоним медициналық училищесінде фельдшерлік курсын оқыдым. Бітірген соң аталған қалада үш жылға жуық жедел жәрдем станциясында қызмет еттім» дейді бала арманының орындалғанына қуанған балалар хирургы Әбдінәби Искаков.
Өз ісінің шебері Әбдінәби Азиханұлы 1996 жылы Ақтөбе медицина университетін бітіріп, Түркістан аудандық орталық ауруханасына (сол кезде) қазір Түркістан қалалық ауруханасына дәрігер хирург болып жұмысқа орналасты. 2015-2020 жылдары Түркістан қалалық балалар ауруханасында хирургия бөлімінде аға-ординатор болып абыройлы қызмет атқарды. 2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Отырар аудандық орталық ауруханасында балалар-хирургы болып қызмет атқаруда.
Жалпы, медицина саласында жүргеніне отыз жылға жуық уақыт болған дәрігер-хирург аталған сала, оның ішінде хиургия өте өзгеше, қиын,әрі жауапкершілікті талап ететін мамандықтардың бірі екенін әрдайым айтып отырады. Хирург-ол техникалық тәжірбиені қажет ететін аса маңызды мамандық деп айтуға болады. Ота жасауда арнайы техникасын білмесең, мәселен жәй ғана ішекке тігін салудың өзі білім мен шеберлікті қажет етеді. Егер оны да дұрыс жасамаса ауруда кері асқынулар пайда болады-дейді.
«Мен қызмет еткен жылдары ең қиын әрі күрделі ота 2018 жылы болды. Жол көлік оқиғасы болған, автокөлік ішінде 5 жасар қыз баласы болған. Ол бізге бауыры жарылып, өте көп қан кетумен келді. Қандай дәрігер болмасын менің орнымда болса солай істер еді. Бала деген бауыр етіміз емес пе? Сол кездегі мендегі мақсат өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан шынашақтай бүлдіршін қызды аман алып қалу еді.Ол отаны жасап шығуда оңайға соқпады. Ота ұзаққа созылды.Бауырында жарылған жерлері көп болды. Есімде қалған ең қиын ота осы болды. Әрбір ата-ананың көз қуанышы, көңілдерінің нұры балаларымыз ауырмасыншы» дейді балалардың амандығын тілеген балалар хирургы.
Бұрындары күрделі оталарды жасауда ұзақ уақыт кетсе, қазір технология дамып, аудан дәрігерлері эндовидеохирургия , кіші инвазивті аппараттармен күрделі оталарды жасап жүр.
Иә, мен өзім қалап келген мамандығымды жарты жолға келгенде тастап кететін ойым жоқ. Әлі де алда мен жетпеген жетістіктер мен алға қойған мақсаттар бар. Қазір технология дамыған заманда біліміңді шыңдап, одан әрі дамытпасаң өмір күтіп тұрмайды ғой. Сол үшін алға ұмтыла, іздене отырып жұмыс жасау керек деп ойлаймын» дейді біздің Нәби ағай.
Иә, Әбдінәби Искаков 2 ұл,3 қыздың ардақты әкесі, 9 немеренің сүйікті атасы. Балалар мен олардың ата-аналарының арасында «алтын қолды дәрігер» атанып жүрген, қаншама баланың аяқтан тұрып сауығып кетуіне себепші болған ақ халатты абзал жанға, қызметіне сәттілік, деніне саулық тілейміз.

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*