Әлеуметтік әділеттілік пен ортақ жауапкершілік – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) негізгі қағидаттары. Сондықтан әрбір азаматтың денсаулығы үшін жауапкершілік — адамның өзіне, жұмыс берушісіне және мемлекетке жүктеледі. Қаржы шығындары да ортақ жауапкершілік қағидатымен, «мұқтаждығы аз адамдар медициналық көмекке зәру адамдарға төлейді» қағидатымен бөлінеді. Бұл жөнінде медициналық сақтандыру қорының директоры А.Бейсенбаев Шардара ауданы әкімдігінде халықпен кездесуде кеңінен айтты.
Жиынға Шардара ауданы әкімінің орынбасары Б.Шомпиев төрағалық етті.
Жиын барысында сөз кезегі облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары М.Пазыловқа берілді. Денсаулық саласы өкілінің айтуынша, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қолдау шараларын проактивті тағайындау үшін жұмыс режимінде отбасының цифрлық картасы іске қосылды.
Қолда бар деректер негізінде экономикалық, әлеуметтік, тұрғын үй жағдайлары, денсаулық пен білім бойынша отбасының әл-ауқат деңгейін бағалауға және қадағалауға мүмкіндік беретін талдаулар жүргізіледі. Жүйе мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен деректерді жинайды. Нәтижесінде адамның табыс, денсаулық, білім, тұрғын үй және әлеуметтік жағдайлар сияқты белгіленген критерийлер бойынша отбасының әл-ауқатын бағалайды. Бұл отбасылардың қажеттіліктерін автоматты түрде анықтауға және оларға тиісті әлеуметтік қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Отбасының цифрлық картасын пайдалана отырып, МӘМС жүйесіндегі мәртебені өзектендіруге, медициналық қызметтерді де электронды түрде алуға мүмкіндік бар. Аймақтағы барлық медициналық ұйымдарда аталмыш жобаға қатысады. Осы ретте, аудан, қала әкімдіктері тарапынан тұрғындардың мәліметтерін ақпараттық жүйелерге қайтадан енгізіп, пысықтау керектігі айтылды.
Аурухананың бас дәрігері М.Сейітхановтың мәліметінше, жүйе енгізілгелі бері бас сүйегі трепанациясын жасау кезінде арнайы краниотом аппараты қолданылып, қосымша асқынулар кезеңдері кеміді.Эндоскопиялық қан тоқтату, варикозды кеңейген тамырларға лигатура қою оталары сәтті жасалынды.
Сонымен қатар, аурухананың аймақтық дәрігерлері учаске аралау барысында МӘМС жүйесі бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді.
Модератор Б.Шомпиев тұрғындарды МӘМС жүйесіне қамту шараларын босаңсытпастан жалғастыруды жұмысшыларға жүктеді. Әсіресе, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтардың жүйе үшін ай сайын төлейтін 4900 теңгені тұрақты төлеуіне ықпал етуді мемлекеттік кірістер басқармасы мен ауыл әкімдеріне тапсырды.