Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз, деп айтқан болатын.
Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарасты психикалық денсаулық орталығындағы оңалту бөлімшесі осыдан екі жыл бұрын іске қосылған. Бүгінге дейін осы орталықта аутизмге шалдыққан 359 бала оңалту шарасынан өткен. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков емдеу орталығына арнайы барып, аутизмге шалдыққан балаларға жасалатын емдеу жұмыстарымен танысты.
Қаланың бас дәрігері оңалту бөлімшесін толықтай аралап, дәрігерлермен жұмыс барысын талқалады. Медицина мамандарының сөзінше, орталықта ем алған аутизм балалардың емінде оң нәтижелер байқалады. Түзету-дамыту іс-әрекетінің нәтижесінде балаларда-рөлдік ойындарға қатысып, сөйлеу қабілеті жақсарып, моторлы еліктеулерді түрткі арқылы орындау, әдемі отыру және өзін көпшіліктің ортасында еркін сезіну сынды жақсы нәтижелер байқалған.
Сондай-ақ орталықты аралау кезінде Нұрлыбек Абибуллаұлы науқас балалардың ата аналарымен кездесіп, мәселерін тыңдады.
Айта кетейік, психикалық және аутистикалық спектр бұзылуларымен балаларға арналған оңалту бөлімшесінде аутизммен есепте тұратын балаларға амбулаториялық деңгейде медициналық көмек көрсетіледі. Бөлімшеде медициналық-диагностикалық қарап-тексеру, түзету жұмысы, сенсорлық интеграция, орталықта психофизикалық жағдайды тұрақтандыру бейімделген дене тәрбиесі бойынша жұмыстар жүргізіледі. Болашақта бөлімшенің жұмысын кеңейтіп, аутизмге шалдыққан балаларға қолжетімді медициналық қызметті жандандыру бойынша жұмыстар жүргізіледі.