Елдің біртұтастығы мен халықтың тыныштығын сақтауда әскери қызметкерлердің атқаратын қызметі ерекше. Темірдей тәртіпке бағынған олар күндіз-түні кірпік қақпай, жауынгерлік қызметте жүреді. Әскери киім киіп, Отанға адал қызмет ету — үлкен жауапкершілікті талап етеді.
«Өмірді сақта» ведомствоаралық бағдарламасын іске асыру шеңберінде Шымкент гарнизоны әскери полиция бөлімінің гауптвахтасында механикаландырылған бригаданың мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерімен практикалық сабақ өткізілді, деп хабарлайды jetpisbaikz ақпараттық агенттігі. Әскери қызметшілермен Шымкент гарнизоны әскери полиция бөлім бастығының орынбасары — қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бөлімшесінің бастығы подполковник Ержан Агибаев кездесті.
Ол сарбаздарға әскери қылмыстар үшін, оның ішінде зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы айтты. Әскери қызметшілерді гауптвахтада ұстау шарттарымен таныстырып, күн тәртібі мен міндеттері туралы хабардар етті.
— Әскери бөлімдегі тәртіп — әскери ұжымда құқықтық тәртіп пен жауынгерлік дайындықты сақтаудың маңызды факторы. Осы себепті құқық бұзушылықтардың алдын алу – әскери полиция органдарының үздіксіз назарында, — деп атап өтті подполковник Ержан Ағыбаев.
Сонымен қатар, әскери полиция бөлімінің өкілдері әскери қызметшілерге Қылмыстық кодекстің «әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынасының жарғылық қағидаларын бұзу» және «әскери бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету» баптарын жеткізіп, түсіндірді. Профилактикалық іс-шара соңында мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға толық жауап алды.