Шымкентте жастар арасындағы қылмыс, буллинг және психотропты есірткі заттарының алдын алу, құрбан болған жастарды қорғау мақсатында бірқатар оқу орындары мен жатақханаларға сенім жәшігі орнатылды. Бұған дейін мұндай жәшіктер тек сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен арыз-шағым үшін ғана қойылатын. Сенім жәшігіне студенттер есірткі қылмысы, буллинг, әлімжеттікке тап болған жағдайда хат жолдай алады. Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша «Auezov Jastary» қоғамдық қоры «Сенім жәшігі» жобасын арнайы әзірлепті.
—Жоба бүгін М. Әуезов атындағы оқу ордамыздан бастау алып отыр. «Сенім жәшігі» жобасы аясында жоғары және орта, арнаулы оқу орындарында, жатақханаларда 100 сенім жәшігі қойылады. Ал қыркүйекте оқу жылы басталған уақытта барлық студенттерге түсіндірме жұмыстары жүргізілмек. Сенім жәшігіндегі хаттарды оқу жылы басталған уақыттан бастап әр ай сайын ашып, саралаймыз. Түскен хаттар бойынша «Auezov Jastary» қоғамдық қоры жұмыстар жүргізеді, —дейді «Auezov Jastary» қоғамдық қорының төраға орынбасары Лаура Мұхтарбекқызы.
«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты мен жастарға сенемін» дейді Мағжан Жұмабаев. Жастық қуат пен ішкі жалын бойын билеген елдің болашағы балалардың бос уақытының дұрыс ұйымдастырылуы, қоғамға араласып, арманына алғашқы қадамды жасап, пайдалы іспен айналысуы – тұлға ретінде қалыптасуының іргетасы. Осы орайда кәмелетке толмаған балалардың бос уақыты қалай ұйымдастырылатынына ата-ана, білім беру ұйымдары, жергілікті әкімшіліктің жауапты екенін ескеру керек.
Ал жыл соңында жалпы сенім жәшігіне түскен ақпараттар бойынша мониторинг жасалады. Бұл бастама жастар арасында белең алған мәселелердің алдын алуда үлкен көмек болмақ.