Қазақстан Республикасы азаматтарының норма шығару процесіне қатысуы нормативтік құқықтық актілердің жобаларын мемлекеттік органдарда келісілгенге дейін талқылау алаңы ретінде құрылған «Ашық НҚА» порталы арқылы жүзеге асырылады.
Азаматтарды норма шығару процесіне кеңінен тарту олардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін заң жобаларын, шешімдерді және басқа да нормативтік құқықтық актілерді қабылдау процесінде тыңдауға мүмкіндік береді.
Шын мәнінде, азаматтардың өз ұстанымын, пікірін, ескертулері мен тілектерін білдіруге қызығушылық танытуы әзірлеуші органдардың қаражаттарын, уақытын және әкімшілік ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік беретін сапалы нормативтік құқықтық актілерді қабылдау процесінің негізгі құралы.
Әділет органдары заң сараптаманы жүзеге асыру кезінде, сондай-ақ әзірлеуші органдары нормативтік құқықтық актілердің жобаларын «Ашық НҚА» порталында орналастыру нәтижелері бойынша азаматтардың ескертулері мен ұсыныстарына ерекше назар аударады.
2023 жылдың басынан Шымкент қаласының Әділет департаментіне 34 НҚА мемлекеттік тіркеуге келіп түскен, оның ішінен 23 НҚА мемлекеттік тіркеуден өтті, 9 НҚА — әзірлеуші органмен қайтарылды, 2 НҚА – мемлекеттік тіркеуден бас тартылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 13 сәуірдегі «Мемлекеттік аппаратының қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» №872 Жарлығына сай әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жатпайтын нормативтік құқықтық актілердің тізбесі кеңейтілген.
Мысалы, әділет органдарында келесі нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік тіркеуге жатпайды:
— Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын бекіту жөніндегі нормативтік құқықтық акт;
— қауымдық сервитуттарды белгілеу жөніндегі нормативтік құқықтық актілер;
— әкімшілік-аумақтық бірлікке, құрамдас бөліктерге атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту туралы нормативтік құқықтық актілер;
— мемлекеттік органның мәртебесі мен өкілеттігін айқындайтын нормативтік құқықтық актілер;
— мемлекеттік құпияларды қамтитын нормативтік құқықтық актілер;
— мәслихаттардың бюджеттерді бекіту немесе нақтылау туралы нормативтік құқықтық шешімдеріне.