Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » МӘМС АЯСЫНДА МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІ АЛУ ТӘРТІБІ

МӘМС АЯСЫНДА МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІ АЛУ ТӘРТІБІ

Қазақстанда ауылдық елді мекендерде халықтың 38%-ы тұрады. Олардың басым бөлігі ресми жұмыс істеп, МӘМС-ке жалақыдан аударымдар мен жарналар төлейді. Кейбір азаматтар дербес төлеуші ретінде (айына 3500 теңгеден төлеп) сақтандырылған. Біреуге БЖТ қолайлы және ол жеке табыс салығын, әлеуметтік аударымдарды, зейнетақы төлемдерін және МӘМС жарналарын қоса алғанда, ай сайын небәрі 1 725 теңге (0,5 АЕК) төлейді.
Барлық сақтандырылған азаматтар төлеген жарна мөлшеріне қарамастан МӘМС тізіміне кіретін медициналық көмектің қажетті көлеміне алуға құқылы.
Ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсетушілер
Барлығы учаскелік дәрігерден басталады.
Ауылдық елді мекендердің тұрғындары медициналық көмек алу үшін алдымен учаскелік дәрігерге бару керек. Әр елді мекенде дәрігерлік амбулатория немесе медициналық пункт болады.
«Қандай да бір ауырсыну болса, пациент алдымен учаскелік дәрігерге баруы керек. Дәрігер оның жағдайын бақылап, ем тағайындайды немесе бейінді маманның кеңесін алуға аудандық ауруханаға жолдама береді. Шұғыл жағдайда тұрғынды ауруханаға жедел жәрдеммен жібереді»
Бейінді дәрігерге қалай жазылуға болады?
Пациент гастроэнтерологке жолдама алды делік. Енді ол дәрігер кеңесіне аудандық аурухананың тіркеу орнына қоңырау шалу арқылы немесе оның медициналық ұйымына енгізілген медициналық ақпараттық жүйенің мобильді қосымшасы арқылы жазыла алады. Қарияларға бұл жағдайда ауылдық медбике көмектесе алады.
Егер пациент МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтерді тұтынушы болса, қабылдауға жазылып, ары қарай диагностикадан өтеді. Оның қорытындысы бойынша, ем тағайындалып, қажет болса, операцияға жіберіледі. Бұл жағдайда қажет тексерілулер кешені жүргізіледі. Дәрігер пациентті Емдеуге жатқызу бюросы арқылы тіркеп, ота жасалатын күн таңдалады.
Жүкті әйелдерді бақылау
қалай жүргізіледі?
Дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттерде зертханалар жұмыс істейді. Жүкті әйелдер онда барып анализдер тапсыра алады. Олар жергілікті акушердің бақылауында болады. Ал акушер болмаған жағдайда, аяғы ауыр әйелдер ай сайын аудандық ауруханаға жоспарлы түрде барып, қажетті тексерулерден өтеді.
Егер шұғыл медициналық көмек керек болса, әйел жедел медициналық көмекті шақырады. Олар қажет деп тапса, аудандық ауруханаға жеткізеді.
Стоматологиялық қызметтер
ауыл тұрғындарына қолжетімді ме?
Иә, 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер стоматологиялық қызметтерді жоспарлы түрде ала алады. Шұғыл стоматологиялық қызметтер халықтың 10 санаты үшін қолжетімді: 18 жасқа дейінгі балалар; жүкті әйелдер; Ұлы Отан соғысының ардагерлері; мүгедектер; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар; жасы бойынша зейнеткерлер; атаулы әлеуметтік көмек алушылар; айналасындағыларға қауіп төндіретін инфекциялық, әлеуметтік маңызы бар аурулары бар пациенттер; мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыссыздар; I топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыссыздар. Бұл азаматтардың барлығы сақтандырылған мәртебесі болу керек, өйткені стоматологиялық қызметтер МӘМС тізіміне кіреді.
Қазір көптеген стоматология Қормен шарт жасасып, аудан орталықтары мен ірі кенттерде қызмет көрсетеді. Айта кету керек, стоматологқа бару үшін учаскелік дәрігердің жолдамасы қажет емес. Сондықтан тиісті санаттағы ауыл тұрғыны МӘМС аясында пациенттерді қабылдайтын стоматологияны өз бетінше таңдай алады (клиникалардың тізбесін Қордың сайтында «Медициналық көмекті сатып алу» — «Консультативно-диагностикалық қызмет жеткізушілері» бөлімінен көруге болады: https://fms.kz/zakupki/postavshchiki-kdu-uslug/), және қажет емге жазыла алады.
Егер медициналық көмек алу бойынша тағы сұрақтарыңыз болса, өз емханаңыздағы «Пациенттерді қолдау» қызметіне жүгіне аласыз.
Мынадай байланыс арналары арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтініш қалдырып, «сақтандырылған» мәртебесін
тексеруге болады:
• fms.kz ресми сайты,
• 1406 байланыс орталығы,
• Qoldau 24/7мобильді қосымшасы
• Telegram-дағы SaqtandyryBot.
Сондай-ақ, ҚР egov.kz электрондық үкіметінің сайтында «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеруге және жүргізілген төлемдер туралы білуге болады.
Ж.Кадиров,
Төлеби аудандық орталық аурухананың «Болашақ» Жастар денсаулық орталығы меңгерушісі

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*