Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Дені сау бала – дені сау мемлекет

Дені сау бала – дені сау мемлекет

«Елімізде жыл сайын  400 мыңнан астам бала дүниеге келеді…»
(ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауынан)
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы еліміздегі саяси жаңғырудың қисынды жалғасы іспетті. Маңызды құжатта құрылымдық экономикалық қайта құрулардың қажеттілігі атап өтілді. Көптеген көкейтесті мәселелер қамтылды. Осыған байланысты денсаулық сақтау саласында бүгінгі таңда бірқатар бастамалар қабылданып, іс-шаралар атқарылуда.
Қазақстан Республикасының Президенті еліміздегі  медициналық қызметтің сапасын арттыру үшін бірқатар бағытты атап өтті. Атап айтқанда, қаржыландыру жүйесі, медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсарту, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз ету, ауданаралық көпбейінді мекемелер құру,  телемедицина бағытын  дамыту мәселелері кезек күттірмейді.
Бүгінгі таңда Түркістан облыстық  денсаулық сақтау басқармасына қарасты облыстық балалар ауруханасы – өңіріміздегі көпбейінді балалар ауруханалары арасында ірі клиникалардың бірі. Педиатрия және балалар хирургиясы бойынша 27 бағытта мамандандырылған медициналық қызмет көрсетеді. Әсіресе, балалар кардиохирургиясы, неонатальды хирургия, нейрохирургия, жарақат және ортопедия, офтальмология саласы басым бағыттар болып саналады. Балалар хирургиясының ішінде торакальды хирургия, урология, оториноларингология, бет-жақ хирургиясы, кардиология және ревматология, эндокринология мен аллергология секілді бағыттар дамып келеді.
Аурухана 427 төсек-орынды.Оның 224-і хирургиялық, 167-сі педиатриялық, 36-сы медициналық реабилитация мен қалпына келтіру салаларына арналған. Жалпы, 33 төсек-орынға арналған 3 жансақтау бөлімшесі бар. 9 төсек кардиореанимациялық, 6-уы неонатальды жансақтау бөлімі үшін жабдықталған.
Биыл облыстық балалар ауруханасы жаңа  заманауи құрылғылармен: магниттік-резонанстық томография (1,5Т), ангиографпен  жабдықталды.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры өткен жылы офтальмологиялық скрининг және шала туған ретинопатияны емдеу үшін офтальмологиялық жабдықтармен – линза, офтальмоскоп және лазерлермен қамтамасыз етті. Дей тұрғанмен, балалар ауруханасының жалпы медициналық жабдықталуы (70,3%) әлі де төмен.
Жолдауда Президент денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлерді  даярлау, олардың кәсіби біліктілігі мен деңгейін ұдайы арттыру туралы орынды атап өтті. Биыл облыстық балалар ауруханасының 33 маманы біліктілігін жоғарылатты. Оның ішінде 10 дәрігер Астана қаласындағы «University Medical Center» корпоративтік қорының «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығында оқыды. Ал, 6 дәрігер (балалар хирургі, урологы, лор, реаниматолог, анестезиолог) Стамбұл университетінің клиникаларында тәжірибе жинақтап қайтты.
2023 жылдың 8 айында біздің балалар ауруханасынан 12 172 науқас емделіп шықты. Оның ішінде 6 680-і (55,0%) ауылдық жерлерден келіп емделсе, 756-сы – жаңа туған нәрестелер,  2 566-сы – бір жасқа дейінгі сәбилер.
«Қамқорлық қоры» ерте араласу орталығында барлығы 212 сәби қалпына келтіру және медициналық оңалтудан өтті. Оның ішінде 130 пациент тәуліктік стационарда ем алды. Ал, 43 пациентке күндізгі стационарда және 39 пациентке амбулаторлы- емханалық түрде көмек көрсетілді. 72 пациентке бейне ЭЭГ жасалынып, оның жетеуінен патология анықталды. 42 пациентке аудиограмма жасалынып, 9-ынан ауытқу анықталды.
Біздің ұжымның медициналық қызметкерлері Жолдаудан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру жолында балалардың денсаулығын нығайту мақсатында жұмыла жұмыс істей беретін болады.
Алтын ДОСАНОВА,
облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*