Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Қолжетімді медицина ауылға да жетті

Қолжетімді медицина ауылға да жетті

Бұрындары ірі медициналық орталықтарды тек қалалы жерлерден ғана табатын едік, бүгінде заман талабына сай мұндай жетістіктер ауылдарға да жетті. Жүзден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып, тәулігіне қаншама адамға медициналық қызмет көрсететін ірі орталық Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу ауылында ашылып, төрт жылдан бері елге қалтқысыз қызмет етіп келеді.
 «MEDICAL» медициналық орталығы Рахид Нұрмаханов есімді жеке кәсіпкердің демеушілігімен ашылған болса, оған бүгінгі таңда Әзиза Қарабаева басшылық етеді. Бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлзамира Алиқұлованың айтуынша, мұнда 29557 тұрғын тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны 11294 болса, 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер – 1593, 18 жастан жоғары ересектер 15675 адамды құрайды. Алты жарым мыңнан астам босану жасындағы әйелдерге де ұдайы көңіл бөліп, қызмет көрсетіп отырады екен.
Мұнда елуге жуық жоғары білімді дәрігер жұмыс істейді. Оның ішінде жиырмаға жуығы өз жұмысына жан-тәнімен берілген мақтаулы мамандар. Сондай-ақ, мұндағы мейірімді медбикелерді де ел мақтан тұтады. Осындай мамандардан құралған медицина орталығының тағы бір ерекшелігі, мұнда төртінші категориялы жедел жәрдем бекеті бар. Заман талабына сай соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген емдеу мекемесінде компьютерлік томография, УДЗ, аудиограмма, эхокардиография, флюорография, цифрлық рентген, электрокардиограмма, маммография, лабораториялық зерттеу әдістері арқылы қызмет етеді. Күндізгі және тәуліктік стационар бөлімдерінен бөлек оңалту бөлімі де бар. Онда мультидисциплинарлық топ жұмыс істейді. Олардың құрамында реабилитолог, психолог, эрготерапевт, логопед, ЛФК нұсқаушысы, уқалаушы, физиотерапевт бар. Бас дәрігердің орынбасары ауылдағы орталықтың қалада филиалы бар екенін айтып, таң қалдырды. «Біздің серіктестіктің тағы бір филиалы бар. Ол Шымкент қаласындағы   Қызылжар көшесі, №44 үй мекенжайында орналасқан. Онда 23190 тұрғынға медициналық қызмет көрсетіледі» деді ол.
Медициналық орталық жедел жәрдем бекетінің меңгерушісі-эксперт Әлішер Жүсіпов мұнда төртінші категориялы жедел жәрдем бекеті жұмыс істейтінін айтады.
– Алпыс минуттың ішінде науқасқа медициналық көмек көрсетуге тиіспіз. Бізге негізінен созылмалы аурулардың асқынуымен, артериалды гипертония, қан қысымы, дене қызуының көтерілуі сияқты ауруы бар науқастар жиі хабарласады. Бекетте бүгінгі таңда үш фельдшер, үш диспетчер, үш жүргізуші жұмыс істейді. Кейде қайта шақырулар да орын алып тұрады. Өйткені, созылмалы ауруы бар науқастар көп. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар. Кейбір жағдайларда олар қайта шақырады. Тұрғындарға күнделікті санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізуді де ұмытпаймыз, – дейді ол.
Тәуліктік стационар бөлімінің дәрігері, терапевт Азат Дүйсембин Астана медицина университетін 2014 жылы терапевт мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Ол бұл орталыққа өткен жылы жазда келген.
– Бұл бөлімде 24 төсек-орын бар. Көп жағдайда келетін науқастар артериалды гипертензия, созылмалы пиелонефрит, жүрек ишемиясы, кардиомиопатия, артрит, 2-типті қант диабеті.  Науқастар 7-10 күн аралығында ем қабылдайды. Оларға төрт медбике қызмет көрсетеді, – деді Азат
Еркінбекұлы.
Жасы тоқсанға толған Жақсылық Ақботаев орталықтың қызметіне риза. «Жасым ұлғайған соң дәрігерлердің көмегіне жиі жүгініп тұрамын. Қазір қан қысымым көтеріліп, ем алып жүрмін. Жағдайым дұрысталып қалды. Осы орталықтағы барша қызметкерге алғысымды білдіремін» деп ыстық ықыласын жеткізді.
Мұнда сирек кездесетін аурулар да дертіне ем тауып жатқан көрінеді. Бас дәрігердің айтуынша, жаңа жылдың қарсаңында он жасар бала емделуге келген. Диагнозы – «Дюшен бұлшық ет дистрофия синдромы». Бұл – сирек кездесетін ауру. Елімізде бұл диагнозбен сегіз адам тіркелген.  Баланың ата-анасының және емхананың сұранысы нәтижесінде «Қазақстан халқы қоры» есебінен 1 флаконы 500 доллардан қымбат тұратын дәрі – Амондис 45 624 флаконымен қамтамасыз етілді. Қымбат дәрімен қамтамасыз еткені үшін «Қазақстан халқы қорына» алғысымыз шексіз» дейді ақ халатты абзал жандар.
Міне, осылайша ауылдан ашылған заманауи медицина орталығы дертіне дауа іздеген адамдарға медициналық көмек көрсетіп жатыр. Иә, бұл да еліміздегі медицина саласының жетістіктері болар.
Гүлмира ЕЛБАСИЕВА.
Ордабасы ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*