Бүгін «Таза Қазақстан» экологиялық акцияның алғашқы аптасы «Таза өлке» апталығы аясында Шымкентте #TazaShym атты жалпы қалалық тазалық іс-шарасы өткізілуде.
Аталған акцияға Шымкент қаласының жастары ерекше қолдау білдіріп, белсенді атсалысты.
Қала жастары мен тұрғындары қаладағы Республика, Тәуке хан, Б.Момышұлы даңғылдары мен А.Байтұрсынов және Желтоқсан көшелерінің бойында тазалық жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, аталған даңғылдар мен көшелердегі аялдамалар жуылып, қоқыс жәшіктері, жолдар тазаланды, талдар қырқылып, әктелді, барлық қоқыстар шығарылды.
Тазалық жұмыстарына 1000-дан астам жас қатысып, 13 аялдама жуылып, аталған көшелердегі барлық аяқ жолдар тазаланды, 600 ағаш әктелді, 1 тоннаға жуық қоқыс қалдықтар шығарылды.
Іс-шараға «Орыс дарама театрының» директоры – И.Вербицкий, Жастар ресурстық орталығының директоры – З.Орынбеков, қала жастары, еріктілер және тұрғындар белсенді қатысты.
Айта кетейік, Республикалық экологиялық акция бес аптаға жалғасады. Қазірдің өзінде шымкенттіктер тазалық шараларына белсенді ат салысуда. Қала тұрғындары мен қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар өздеріне тиесілі аумақтарды тазартып, абаттандыруға үлес қосып жатыр.
Ал, қала аумағындағы бұл бағыттағы жұмыстарға 4 жарым мыңнан астам адам қатысып, 56 арнайы техника жұмылдырылды. 10,6 шақырым аяқ жол тазаланып, 5500 дана ағаш әктеліп, қырқу жұмыстары жүргізілді. 85 текше метр қоқыс шығарылып, 4365 м ирригациялық жүйелер, 18 658 шаршы метрді құрайтын көше бойы тазаланды. Қаланың 5 ауданында да бұл бағыттағы жұмыстар қызу жүрзілуде.
Жалпы, еліміздің барлық аймақтары бойынша өтіп жатқан акцияның мақсаты қаланы көркейту, абаттандыру, тұрғындар назарын айналасын таза ұстауға аудару.