Қазақстан бойынша өтіп жатқан «Таза Қазақстан» тазалық акциясына білім беру мекемелері де атсалысып жатыр.
Солардың бірі Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты N66 «Қазығұрт» жалпы орта білім беретін мектебі. Мектеп ұжымы «Менің таза өлкем» акциясын өткізді.
«Жас эколог» тобы «Таза болса табиғат, Аман болар адамзат» ұранымен мектеп ауласында тазалау жұмыстарын жүргізді. Білім ордасының айналасын қоқыстардан тазартты. Талдардың түптерін қопсытып, ауланы сыпырды. Сонымен бірге мектеп аумағына раушан гүлдерін екті.
«Әрбір саналы азамат өзі тұратын қаланың, елді мекеннің таза, көрікті болуы үшін үлес қосуы керек. Бүгінде қаламызбен бірге мектебіміз де көркейе түсті»- дейді олар. Ұстаздар да шәкірттерінің жұмыстарына ризашылықтарын білдірді.
Ал, «Жасыл желек – жанға сая. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға жанашырлық көзқарас таныту адамзаттың басты борыштарының бірі»- деген Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты «№48 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Менің таза өлкем» тақырыбында тазалық жұмыстары атқарылды. Мектеп маңайын тазартумен қатар, көгалдандыру мақсатында жасыл шыршалар отырғызылды.
Айта кету керек, соңғы жылдары ғаламдық экологияның шектен тыс бұзылуына байланысты ағаш егу жұмыстары қолға алынып, сол арқылы қоршаған ортаның ауасын тазарту шаралары жүргізіліп жатқаны белгілі.
Осыған орай, экологияға пайдалы мұндай жұмыстар мектепте де қолға алынып отыр. Осы мақсатта, көгалдандыруға бағытталған сенбілікке мектеп оқушылары белсене атсалысып, жұмыс істеді.
Жалпы, мектеп ұжымы «қала келбеті тек сәнді де сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді, тазалық та маңызды орын алады. Ұрпағымыздың бақытты әрі салауатты өмір сүруі үшін бүгіннен бастап жауапкершілікті сезінуіміз парыз» дейді.
Айта кетейік, Республикалық экологиялық акция бес аптаға жалғасады. Қазірдің өзінде шымкенттіктер тазалық шараларына белсенді ат салысуда. Қала тұрғындары мен қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар өздеріне тиесілі аумақтарды тазартып, абаттандыруға үлес қосып жатыр.