«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңес мүшелері, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілдері «Энергоорталық-3» акционерлік қоғамы ұжымының жұмысымен танысып, жұмысшылардың талап-тілектерін тыңдады, деп хабарлайды қалалық Өңірлік Коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған jetpisbaikz ақпараттық агенттігі.
«Энергоорталық-3» кәсіпорны жұмысшы-мамандардың айтуы бойынша кәсіпорында білікті мамандардың жоқтығы қиындық келтіруде. Жалақының аздығынан тәжірибелі мамандар табысы жоғары жұмыс іздеп, басқа кәсіпорындарға кетіп қалған. Сондықтан, осы мәселе шешімін таппаса, жұмыс тұралап қалатынын жеткізді.
Ал Шымкентте кәсіпорынға қажетті мамандарды Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, политехникалық колледж, Алматы энергоинституты даярлайды.
Сондықтан, оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, студенттерді кәсіпорында білікті мамандар іс-тәжірибен өткізіп, болашақта кәсіпорынға жұмысқа алу мәселесін жолға қою керектігі айтылды.
Кездесу барысында аталған кәсіпорынның жұмысшы-мамандардың уәжін тыңдаған AMANAT» партиясының өкілдері бұл мәселені бақылауына алатындықтарын жеткізді.
Жалпы «Энергоорталық-3» акционерлік қоғамы — Шымкенттегі жылу өндіретін ең ірі кәсіпорын болып саналады. Оның құрамына 3-жылу электр станциясы, жалпы аумағы 234,4 шақырымды құрайтын қос қатарлы жылу құбырлары жүйесі, 5 жылу қазандығы, 9 насос станциясы кіреді. Кәсіпорын Шымкент қаласының тұрғындарын толығымен жылумен қамтуға қабілетті. Қазіргі таңда жылу беру маусымы аяқталды.