Республикалық «Таза Қазақстан» тазалық акциясының «Киелі мекен» апталығы аясында #TazaShym жалпықалалық тазалық жұмысы Қаратау ауданында өтіп жатыр.
Қаратау ауданы аумағындағы кесенелер мен зираттарды тазарту жұмыстары Сайрам тұрғын алабындағы Қарашаш ана кесенесінен басталды. Оған аудан әкімдігі, «Қаратау коммуналдық мекемесі», аудан тұрғындары, еріктілер, оқушылар қатысып, кесене маңындағы ағаш, бұталар ретке келтірді. Ағаштардың түптері әктеліп, жол шетіндегі тастар мен орындықтар, қоршаулар сырланды. Сондай-ақ, қаулап өсіп кеткен шөптер орылып, кесененің іші — сырты тазартылды.
Ауданда өтіп жатқан «Киелі мекен» апталығына аға буын өкілдері, Жастар ресурстық орталығынан еріктілер, арнайы тазалық мекемелері жұмысшылары, жастар мен оқушылар, жалпы 100-ге жуық адам қатысып, киелі жерлерді жаппай тазалау жұмыстарын жүргізілді.
Аталмыш апталық ертең де жалғасатын болады. Соған орай, Ибрагим ата кесенесінің айналасы тазартылады. Айта кету керек, аудан бойынша жалпы 4 кесене мен бірнеше зираттың маңайы тазартылатын болып жоспарланған.
Сонымен қатар, Еңбекші ауданындағы ескерткіштер маңы да тазаланды. #TazaShym жалпықалалық іс-шарасы Еңбекші ауданындағы Жібек жолы көшесінде орналасқан Тұрар Рысқұлов гүлзарында жалғасты. Іс-шараға Еңбекші ауданы әкімдігі, «Группа Интеко» мекемесі, қала тұрғындары атсалысты. Тазалық акциясы аясында гүлзар аумағы, оның айналасындағы ескерткіштер, аялдамалар көшелер мен өткелдер күл-қоқыстан тазартылып, ағаш көшеттерінің түбін қопсыту, түптерін әктеу, орындықтарды, қоқыс жәшіктерін, шамдарды тазалау жұмыстары атқарылды.
– Айнала көгеріп жатқанда Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып отырған іс өте орынды. Шараға біздің аудан да белсене атсалысып, өзіміздің аудан бойынша әрбір аймақ жоспармен тазартылып жатыр. Әрбір елін-жерін сүйетін ұлтжанды азамат қоршаған ортаға деген қамқорлығын осы тазалық акциясына атсалысу арқылы көрсете алады. Елімізде осындай пайдалы, игі шаралар артқаны тазалықты ғана емес, қаламызға деген сүйіспеншілікті де дәріптейді, – деді Еңбекші ауданының әкімі Досбол Күздікбайұлы. Бүгінгі шараға жалпы 500- ге жуық адам атсалысып, аталған аумақта тазалық жұмыстарын жүргізді.