Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА СЕРУЕН АЙМАҒЫ САЛЫНАДЫ

ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА СЕРУЕН АЙМАҒЫ САЛЫНАДЫ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Спорт шағын ауданынан дендросаябаққа дейінгі аралықтағы балалар теміржолының қазіргі жағдайымен танысты. Бұған дейін жергілікті халық бұл нысанның жылдар бойы тоқтап қалу мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Ескере кететіні, бүгінде тар табанды темір жол желісін қайта құру қыруар қаражатты қажет етеді.Себебі, қазір нарықта тар жолдарға арналған локомотивтер мен вагондар өндірілмейді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай композицияның тапсырысы көп уақытты алады, ал құны тым қымбатқа түседі. Сонымен қатар, теміржолдың біраз бөлігі тұрғын үйлерге жақын орналасқан. Жолдың екі жағынан тиісті қауіпсіздік арақашықтық сақталмағандықтан, бұл аумақтар адам өміріне қауіп төндіреді. Жағдайды жан-жақты зерделеп, Арғынбеков-Бәйдібек би жол айрығын салу кезінде темір жолдың бір бөлігі бұзылғанын ескерген қала басшысы жауаптыларға жаңа жаяу жүргіншілер жолын салудың тұжырымдамасын дайындауды тапсырды.
Жоба аясында жүгіру және велосипед жолдарының ұзындығы ұлғайып, ағаштар отырғызылады, көгалдар төселеді, бірнеше воркаут алаңдары салынады. Азаматтардың белсенді демалуына бағытталған бұл жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылады.
Айта кеетйік, Демалыс күндері мегаполис басшысы Ғабит Сыздықбеков Желтоқсан көшесіндегі гүлзардың құрылысын тексерді. Қала әкімі абаттандыру жұмыстары мен қолданылатын материалдардың сапасына ерекше назар аударады. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мамыр айының соңына дейін пайдалануға берілетін жаңа демалыс аймағының ауданы шамамен төрт мың шаршы метрді құрайды. Құрылыс барысында жұмысшылар жаяу жүргіншілер жолдарын төсеп, жаңа қоршаулар орнатады. Сонымен қатар, орындықтар, шағын архитектуралық пішіндер, урналар мен жарықшам жүйелері қойылады. Соңғы кезеңде саябақ көгалдандырылатын болады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*