Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің барлық аймақтарында жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» бүкілхалықтық экологиялық акциясының «Жасыл аймақ» апталығы бүгін Жетісай ауданында да қорытындыланды, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қоғам мүшелері арасында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткізілген бүгінгі шараға 2 мыңнан астам тұрғын мен шекарашылар, 20-ға тарта техника жұмылдырылды. Абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, сенбілік ұйымдастырылды.
Қатысушылар саябақтар мен скверлердің, тұрғын үйлерінің айналасы мен көшелерді ретке келтіріп, көгалдарды қоқыстардан, жапырақтардан және сынған бұтақтардан тазартты. Әктеп-сырлау жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, акция аясында елді мекенаралық автомобиль жолдары мен ішкі көшелердің бойларына, аллеялар мен саябақтарға 5 мың көшет егіліп, 37 тонна қоқыс шығарылды.
© Jetpisbai.kz