Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да жаңа әскери кафедра ашылды

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да жаңа әскери кафедра ашылды

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да Отан қорғаушылар күні қарсаңында жаңа әскери кафедра ашылды. Жаңа кафедра ҚР Қарулы Күштерінің әскери оқытылған резервін даярлауда және толықтыруда стратегиялық міндеттерді орындауға бағытталған. Бастапқыда 100 студентті қабылдаған кафедрада білім алушылар саны бүгінде 1000-ға жетіп отыр. Сондай-ақ, 27 оқытушы құрам, 9 инженерлік-техникалық құрам, 15 оқу-әдістемелік бөліммен қамтылған. Әскери кафедраның профессор-оқытушылар құрамы ҚР Қарулы Күштері құрамында тиісті лауазымды қызмет атқарған, әскери-педагогикалық тәжірибесі мол офицерлер болып табылады.

Мамандар даярлау бойынша арнайы дәрісханалар көрнекі құралдармен, қару-жарақ үлгілерімен және әдістемелік нұсқаулармен жабдықталған. Әр пәнге арналған бағдарламалар мен Силлабустар қазіргі таңдағы ТМД мемлекеттерінде және дүние жүзіндегі қақтығыстарда қолданылып жатқан ұрыс жүргізу тактикаларын ескере отырып енгізілген.

Ал, әскери-есептік мамандықтар штаттық қару-жарақтармен және әскери техникалармен жабдықталған. Әскери ұрыс жаттығу жиындарына арналған аумағы бір гектарды құрайтын қалашықта тактикалық алаң, атыс даярлығы қалашықтары, тағы басқа нысандар көрнекі құралдармен қамтылған. Жаңа әскери кафедраның оқытушы құрамы алдағы әр үш жыл сайын біліктілік курсынан өтіп тұрады. Кафедраның ашылу салтанатына белгілі экономист, қоғам қайраткері Оразалы Сәбден, университет басшылығы мен оқытушы-профессорлар құрамы, тиісті сала мамандары қатысты.

Сонымен бірге, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да жаңа студенттер үйі пайдалануға берілді. Жекеменшік әріптестік негізінде салынған жаңа жатақхана 180 тұрғынға есептелген. Жалпы ауданы – 1000 шаршы метрді құрайтын студенттер үйі 5 қабаттан тұрады. Ғимарат барлық заманауи талаптарға сай.

Жекеленген әр бөлмеде 2 және 4 адамнан тұрады, әр бөлмеде жеке санитарлық бұрышы мен душ бөлмесі бар. Жатын бөлмелермен қатар, жатақхана заманауи ас үйлермен, кір жуатын бөлмемен және басқа да тұрмыстық, қосалқы жайлармен жабдықталған. Оқу жылы бойында жатақханада университеттің филология, өнер және білім факультетінің білім алушылары орналасады.

Айта кетелік, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ бұған дейін де жастарға 4 бірдей студенттер үйін пайдалануға беріп, елімізде жатақханамен қамту мәселесі толығымен шешілген университеттердің бірі болатын. Ал, үшжақты келісім негізінде салынған жаңа жатақхана кәсіпкер Анарбекова Әсия арқылы жүзеге асып отыр.

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*