Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІН ЕҢ ІРІ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫС ЖОБАСЫМЕН ТАНЫСТЫРДЫ

ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІН ЕҢ ІРІ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫС ЖОБАСЫМЕН ТАНЫСТЫРДЫ

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді. Ведомство басшысы «АйМар Құс» ЖШС жұмысымен танысып, шаруалармен кездесті. Кездесу барысында шаруалармен бірге сүт-тауарлы фермалар мен көкөніс қоймаларын жеңілдікпен несиелендіру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, шаруалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге салықтың тарифтік ставкасын төмендетуді және асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізуді сұрады.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Ауыл шаруашылығы министріне мегаполис аумағында салынатын қызанақ өсіруге арналған жаңа форматтағы ең ірі жылыжай кешенінің жобасын да таныстырды.
Құны 650 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаны түріктің “Alarko Holding” компаниясы жүзеге асырады. Жаңа технологияларға негізделген жылыжай 500 гектар аумақты қамтиды. Нәтижесінде 2000 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жұмыс сапары қорытындысында министр қаладағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында атқарылып жатқан шараларды оң бағалады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін қалаға Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Тақиев жұмыс сапарымен келген болатын. Министрді қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов қарсы алып, ең алдымен “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағын таныстырды. 2005 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан толыққанды тоқыма кластерін аралап, алдағы жоспарларын пысықтады.
Бұл аймақ тоқыма химия, мұнай-химия салаларын және ішінара машина жасау өндірістерін дамыту үшін қолайлы инвестициялық алаң саналады. Өндірістік пул 65 жобадан тұрады. Онда 4 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Қазіргі таңда жалпы инвестиция сомасы 58,7 млрд теңгеге 39 жоба іске асып, 1 984 жұмыс орны ашылған.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*