Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев Қазығұрт ауданына арнайы жұмыс сапармен келді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Қазығұрт Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінен туындайтын міндеттерді талқылау, қоғамда мәдени сананы күшейту, идеологиялық бағыттарға басымдық беру, жастар саясатын, тәрбиесі мен білімін жақсарту мақсатында аудан орталығында орналасқан Өнер мектебі мен Оқушылар сарайында жастармен кездесу өткізді.
Сондай-ақ, кездесуге Түркістан облысының Қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев, Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтар қатысты. Жиын барысында аудан жастарымен еркін форматта сұхбат құрылып, сұрақ-жауаптар жүргізілді. Президент кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы өз сөзінде, Мемлекет басшысы әрдайым ел жастарына зор сенім мен үміт артатынын, әрқашан жастар саясатын қолдайтынын жеткізді.
Іссапар барысында Мәлік Отарбаев аудан имамдарымен де арнайы бас қосып, қоғамда діни экстремизмнің болмауын қадағалау, рухани сананы дін мен дәстүрді үйлестіре отырып көтеру жайын талқылады.
Келесі кезекте Президент кеңесшісі М.Отарбаев Сарапхана ауыл округінде орналасқан «Рухани жаңғыру» идеологиясы аясында салынған «Мәңгілік ел» саябағын аралап, батырларымыздың, билеріміз бен басқа да ұлы тұлғалардың атына қойылған ескерткіштерді көріп, тарихтан сырт шертер шежірелермен танысты.
© Jetpisbai.kz