Уылдырық шашатын маусымдағы браконьерліктің жолын кесу мақсатында, Созақ ауданында 5 сәуір мен 31 мамыр аралығында «Уылдырық» жедел-профилактикалык іс-шарасы өткізілуде, деп жазады Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі. Аталған іс-шара балық және балық өнімдерін заңсыз аулау, тасымалдау, сатып алу немесе өткізуге қатысты экологиялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған.
Іс-шара басталғалы аудан көлемінде өзендердің бойында заңсыз балық аулау жайттары анықталған. Оның ішінде заңмен тыйым салынатын балық аулау құралдарын (қармақ) қолданумен 5 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
Аталған жайттарға қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 383-бабының 1-бөлігі «Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу» бойынша тиісті шаралар көріліп, айыппұл салынды.
Тәртіп сақшылары тұрғындарға балық ресурстары мен жануарларды заңсыз аулау, жойылып кету қаупі бар өсімдіктерді жұлудың соңы заңмен жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.